Павлодарлық лицей оқушылары ауыл оқушыларына консультация өткізеді
Сабақтар бес пәннен онлайн түрде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде «Оқушыдан – оқушыға» атты әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда.
– Жобаның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларында мейірімділік, жауапкершілік қасиеттерін және өзгелерге ілтипатпен, жанашырлықпен қарау, көмек қолын созу сияқты адами қасиеттерді дамыту, – деп атап өтті ведомствода.
2021 жылы қараша айында лицей мен «Кенжекөл ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» арасында «Өзара ынтымақтастық туралы» Меморандум серіктестігі бекітілді.
– Меморандум негізінде лицейдің 10-11-сынып оқушылары аптасына 1 рет балалар ауылында тұратын оқушыларға консультация сабақтарын ұйымдастырады. Атап айтсақ, «Қазақ тілі», «Математика», «Биология», «Қазақстан тарихы», «Ағылшын тілі» пәндерінен 5-11-сынып оқушыларымен онлайн сабақтар жүргізеді. Балаларға сабақ беру үшін оқушылар арнайы дайындалады, пән мұғаімдерінен консультация алады, яғни, сабақтың сапалы әрі нәтижелі болуына үлкен мән береді, – дейді облыстық білім беру басқармасының баспасөз орталығында.
3 жыл бұрын жобаны лицейдің 8 оқушысы бастаған еді. Олар 11 тәрбиеленушіге өткен тақырыптар бойынша сабақтар берсе, бүгінгі таңда лицейдің 24 оқушысы 27 тәрбиленушіге қиын тақырыптар бойынша көмек көрсетуде.
«Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» әкімшілігінің айтуы бойынша, дәріс алған 11 тәрбиеленуші дарынды балаларға арналған мектептердегі іріктеу конкурстарынан жоғары ұпайлар жинап, оқуға түскен. «Оқушыдан – оқушыға» атты бұл волонтерлік жобаның оқушыларға берер пайдасы өте зор. Біріншіден, оқушылардың өздеріне деген сенімділіктері артты, екіншіден, өзгеге көмек көрсету және сабақ беруге дайындалу деген жаңа жауапкершілік пайда болды.