Әлемдік пән олимпиаданың жеңімпазы атанған павлодарлық оқушылар ақшалай марапатталды
Ғани Бейсембаев дарынды оқушылармен жүздесіп, марапаттарын табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 23 қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында IMO, IphO, IChO, IBO, IGеO, IOI және IOL пәндік олимпиадалары бар. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиада жеңімпаздарымен және жүлдегерлермен, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтермен кездесті.
Олардың қатарында химия бойынша Халықаралық олимпиаданың (IChO) күміс жүлдегері Ринат Илюсизов - мен математика бойынша Халықаралық олимпиаданың (IMO) қола жүлдегері Владимир Роговский болды. Екеуі де Павлодар қаласының № 8 лицей-мектебінің оқушылары.
16-25 шілде аралығында Швейцария төрінде Цюрих қаласында өткен химия пәні бойынша оқушылардың Халықаралық олимпиадасында Ринат Илюсизов күміс медалінің иегері атанды. Оның жетістігі жоғары бағаланып, үш миллион теңге сомасындағы ақшалай сыйақы берілді.
Ал 5-13 шілде аралығында Жапонияда Тиба қаласында математика пәні бойынша оқушылардың Халықаралық олимпиадасына Владимир Роговский қатысты. Ол 617 оқушының арасында қолаға қол жеткізді. Жетістігі үшін оған бір миллион теңге ақшалай сыйақы табысталды.
Оларды дайындаған педагогтар-химия пәнінің мұғалімі Оксана Колдашева мен математика пәнінің мұғалімі Лилия Стадникова лайықты марапаттарға ие болды. Күміс медаль иегерін дайындаған мұғалімге – базалық лауазымдық жалақының 17,5 еселенген мөлшері, ал қолаға – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері төленеді.
Оқу-ағарту министрі халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болған барлық қазақстандық оқушыларды құттықтады.