Павлодарда ерекше жандардың екінші үйіне арналған кітапхана қызмет ауқымын кеңейтуде

Биыл мекемеге 55 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана 1970 жылы ашылған. Оның қызметкерлері заманауи технологиялар мен шығармашылық жобалар арқылы көру қабілеті шектеулі жандардың өмір сапасын арттырып келеді. Мекеме басшысы Жамал Кенжебекованың айтуынша, қазіргі оқырмандар саны екі мыңды құрайды. Кітапхана қорының негізі №7 кітапхананың кітаптары және Қазақ зағиптар қоғамының оқу өндірістік кәсіпорнының қызыл бұрышынан берілген бедерлі нүктемен жазылған арнаулы кітаптар болды. Уақыт өте келе ол облыстық мәртебе алып, қазіргі қызмет ауқымы кеңейтілген.
– Қорымызда 70 мыңнан астам кітап бар. Олардың ішінде Брайль қарпінде жазылған, ірі қаріппен басылған және әртүрлі аудио таспалардағы туындылар бар. Қазір цифрлық форматтағы аудиокітаптар да белсенді қолданылуда, – дейді ол.
Кітапхана қызметі бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – ақпараттық-библиографиялық, яғни кітап беру, анықтамалар ұсыну, библиографиялық көмек көрсету. Екіншісі – мәдени-көпшілік бағыт, мұнда түрлі кештер, кездесулер, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Үшіншісі – реабилитациялық бағыт, бұл бағытта көру қабілетін кейін жоғалтқан жандарға компьютермен жұмыс істеу, Брайль жүйесінде оқып-жазу дағдылары үйретіледі. Арнайы жабдықталған тифло-кабинет те жұмыс істейді.
2018 жылдан бастап кітапхана жанынан «Жан Алауы» атты студия ашылып, ерекше жандар үшін кітаптар дыбысталады. Оған Павлодар өңірінен шыққан авторлардың шығармаларына басымдылық берілді.
Кітапхананың белсенді оқырмандарының бірі – 83 жастағы Жүнісгүл Молдабаева. Ол музыкалық Брайль жүйесін үйретуге арналған «До-моль» жобасына атсалысуда.
– Бұл жобаның мақсаты – көзі көрмейтін студенттердің музыкалық білім алуда тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету. Бүгінде нотаны Брайль қарпінде оқи алатындар аз, сондықтан осы білімді сақтап, жастарға үйретуді мақсат тұттық, – дейді Жамал Кенжебекова.
Жыл сайын кітапханаға Брайль форматындағы әдебиеттерді сатып алуға мемлекеттен 1 миллион теңге қаражат бөлінеді. Биыл алғаш рет қазақ тілінде де алынды. Қазіргі уақытта кітапхана ғимараты жөндеуден өтіп жатыр. Осыған байланысты ұжым көшпелі форматта жұмыс істеуде.
Оның айтуынша, кітапханашылардың басты миссиясы – ерекше жандарға өмірдің шексіз мүмкіндіктерге толы екенін көрсету. Олар кітапхананы жай ғана оқу орны емес, шығармашылық алаң ретінде дамуда. Яғни әр оқырман өз дарынын ашып, жаңа мүмкіндіктерге жол таба алады