«Ертістің» мерейтойы жылында футбол жанкүйерлерін не күтеді?

«Ертістің» мерейтойы жылында футбол жанкүйерлерін не күтеді?
Фото: Ольга Бугаева

Клуб басшылығы жанкүйерлер үшін тосын сыйлар дайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылы қайта жанданған «Ертіс» футбол клубы 65 жылдық мерейтойын атап өтеді. «Ертіс» ФК директоры Сейітбек Сембаевтың айтуынша, футбол жанкүйерлерін мерекелік шаралар күтіп тұр. Мәселен, атақты футболшылар қатысатын мерекелік матч өткізу жоспарлануда. Мерейтой команда киім-кешегінен де көрініс табады.

- Келесі жылы «Ертіс» «Joma» формасын киетін болады. Жақын арада испандық брендпен ресми келісімге қол қоямыз. Жаңа форма барлық жанкүйерлерге ұнайды деп ойлаймын. Алдағы уақытта біз келесі жылы үшінші форманы дайындаймыз деп айтамын, оны бәрі қуантады, әсіресе кеңестік жанкүйер үшін, - деді Сейітбек Сембаев.

Өткен жылы павлодарлықтар тағы бір испандық спорттық киім өндіруші «Kelme» компаниясымен әріптестік құрған. Клубтың жанданған 2024 жылғы киімі футбол жанкүйерлерінің көңілінен шықты.

Жаңа жылдан бастап «Ертістің» жеке автобусы болады, оны қаладағы автобазалардың бірі ұсынатын болды. Осы уақытқа дейін павлодарлықтардың клубтың балансында автобусы болмаған. Сейітбек Сембаев меценаттар мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

2025 жылы «Ертіс» Бірінші лигада өнер көрсетеді. Команданың алдында бір ғана міндет тұр – қазақ футболының элиталық дивизионы – Премьер-лигаға оралу.