«Ертістің» жаңа бапкері сынақтан өтеді
Бүгін павлодарлықтар өз алаңында петропавлдық «Қызылжар Ж» командасын қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының кезекті турында «Ертіс» Павлодарда петропавлдық клубтың жастарымен ойнайды. Қарсылас – оңай шағылатын жаңғақ емес. Фавориттердің «қанын ішетін» «Қызылжар Ж» Солтүстік-Шығыс конференциясының бел ортасында келеді.
Соңғы екі матч Петропавл жігіттері үшін сәтсіз аяқталды. «Қызылжар» «Астана» мен «Шахтер» жастарынан опық жеді. Қарағандыда өткен соңғы кездесуде 4:0 есебімен ұтылған олар турнир кестесіндегі өзгерістерді бастады. Сол турда «Ертіс» «Елімай» жастарынан күтпеген жерден ұтылды. Осы нәтижелердің салдарынан қарағандылықтар турнир кестесінде бес дүркін чемпиондардан озып шығып, чемпионат тізімін жеке дара бастады. «Ертіс» «Қызылжар Ж» командасынан үш ұпай қалыс келеді.
Бұл жеңіліс салдарынан команданың бас бапкері өзгерді. «Ертісті» Қарағандының тумасы Николай Гавриш жаттықтыратын болды. Аты көпшілікке белгісіз болғанымен, кейбір сарапшылар оның литвалық «Жальгиристегі» тағы бір қазақстандық маман Владимир Чебуринге ассистент болған кезіндегі жемісті еңбек еткенін айтады.
Қалай десек те, «Ертіс» - «Қызылжар Ж» матчымен Николай Гавриш бас бапкер ретінде тұңғыш кездесу өткізеді. Ойын басталуы 19.00-де.
Матчқа бір сағат қалғанда стадионда әртүрлі қызықтар басталады: диджей музыкасы, викториналар мен ойындар. Кішкентай жанкүйерлер үшін клуб басшылығы тегін балмұздақ пен сабын көпіршіктерін таратады.
Сонымен бірге, Трамвай басқармасы Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойымен қосымша вагондарды іске қосады.