Gap year: Павлодарлық түлек бір жылдық үзіліс алып, арманына саналы түрде жетті

Gap year – ағылшын тілінен аударғанда «үзіліс жылы» дегенді білдіреді. Ол – мектеп бітіргеннен кейін немесе университетті аяқтағаннан кейін бір жылдай уақытқа оқуын жалғастырмай, өзін дамытуға, саяхаттауға, жұмыс істеуге немесе жаңа тәжірибе жинауға арналған кезең, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
23 жастағы Малика Сабденова мектеп бітірген соң бірден университетке бармай, бір жылдық үзіліс алған. Көпшілікке тосын көрінген бұл шешім оның өміріндегі ең құнды тәжірибелердің біріне айналып, өз жолын табуға, жаңа қырларын ашуға және білімге саналы түрде қадам жасауына себеп болды. Бұл қадамын ол бүгін «өмірімдегі ең құнды тәжірибе» деп бағалайды.
– Шынымды айтсам, сол кезде gap year дегеннің атауын да білмедім.Тек жүрегіме құлақ түріп, дайын еместігімді сездім. Өзімді таба алмай жүрген шағым еді. Ал жай ғана «әйтеуір бір жерге» оқуға түсу маған жат көрінді. Сөйтіп анаммен ақылдасып, бір жылға үзіліс алдық, – деп еске алады Малика.
Бұл шешім айналасындағыларға оңай қабылданбады. Достары сол кездегі мектепті енді ғана бітірген Маликаға «Неге оқуға түспедің?», «Осылай жүріп қалмайсың ба?» деген сұрақтады жиі қойған. Туыстары ашық қарсылық білдірмесе де, іштей сенімсіздік танытқан.
– Олардың күдігі орынды да шығар. Бірақ менің ішкі сенімім мықты болды: міндетті түрде оқуға түсемін, тек оған дейін өзімді табуым қажет еді. Сол кезеңде анамның қолдауы мен үшін тірек қана емес, қанат болды, – дейді ол.
Маликаның «бос жылы» пандемияға тұспа-тұс келді. Әлем карантинге қамалғанда, ол өзін оқудан қалып қойғандай сезінбеген. Керісінше, сол бір жыл оның өмірінде үлкен өзгерістердің бастауы болған.
– Дизайнға қызығып көрдім, ағылшын тілімді жетілдірдім, кітаптарды жата-жастана оқыдым. Бір сөзбен айтқанда, өзімді әртүрлі қырынан сынап көрдім. Ең бастысы – бұл уақыт маған өз даусымды естуге, өз қалауымды бағалауға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Бір жылдан соң Малика аударма ісі мамандығына оқуға түсті. Бастапқыда «артта қалдым ба?» деген күдік болғанымен, бәрі ойлағаннан жеңіл болған.
– Топқа тез сіңісіп кеттім, сабаққа құштарлықпен кірістім. Университетті қызыл дипломмен тәмамдадым. Бұл жетістігімнің түп тамыры – сол бір жылдық үзілісте жатыр деп сенемін. Өйткені ол мені саналы болуға, әр қадамымды ойлауға үйретті, – дейді ол.
Қазір Малика Сабденова басқа салада жұмыс істеп жүр. Дегенмен ағылшын тілі әлі де оның жүрегіне жақын. Алдағы уақытта мамандығына қайта оралуы да мүмкін.
– Бір жылдық үзіліс жай ғана еріншектік болса, онда, әрине, оқуға бірден түскен жөн. Ал егер мақсат – өзіңізді тану, жаңа дүниелерді байқап көру, тәжірибе жинау болса, онда gap year өміріңіздің ең қымбат кезеңіне айналуы мүмкін, – деп кеңес береді Малика.
Оның айтуынша, мұндай шешімде ең маңыздысы – жақындарының сенімі мен қолдауы.
– Мен үшін шешуші рөлді анам ойнады. Оның сенімі мені алға жетеледі. Әлі күнге дейін сол үшін алғысым шексіз, – дейді ол.
Малика Сабденованың тарихы көрсеткендей, кейде бір сәт аялдап, өз-өзіңді тыңдау – алға қарай нық қадам басудың ең дұрыс жолы. Бір жылдық үзіліс оған уақыт ұттырған жоқ, қайта өмірлік бағытын айқындап, өз таңдауының құнын түсіндірді.
Қазақстанда бұл ұғым енді-енді таралып жатыр, ал Еуропа мен АҚШ-та түлектердің біразы gap year алып, содан кейін ғана ЖОО-ға түседі.