Көйлегінің астына жасырған: Павлодарда колонияға спирттік ішімдік кіргізбек болған

Көйлегінің астына жасырған: Павлодарда колонияға спирттік ішімдік кіргізбек болған
Фото: Polisia.kz

Павлодарда колонияға спирттік ішімдік кіргізудің екі дерегі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №44 (қауіпсіздік деңгейі ең төмен) мекемесінде құрамында спирті бар сұйықтықтарды әкелу әрекетінің жолы кесілді.

– Тексеру кезінде күдіктінің бөтелкені көйлегінің астына жасырғаны белгілі болған. Айтуынша, ол кешкі уақытта жарық сөнгенше ішіп алмақ болған. Алайда сұйықтық кұйылған бөтелке тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сотталған тәртіптік камераға орналастырылды, – дейді мекеме басшының орынбасары Сұлтан Бакин. 

Екінші жағдайда колония аумағына кіріп жатқан көлік жүргізушісін тексеру кезінде көліктің шанағынан алкоголь бөтелкесі табылған. 

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сараптама қорытындысы бойынша бұл зат алкогольдік деп танылған.