Павлодар облысында алты сібір елігінің тушасы анықталды

Павлодар облысында  алты сібір елігінің тушасы анықталды
Фото: Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

Тергеу шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, «Ақбөкен»  ауқымды табиғат қорғау акциясы аясында  инпекцияның мемлекеттік инспекторлары, «Охотзоопром»  РМҚК облыстық филиалы және полиция департаментінің қызметкерлері бірлескен рейдтік іс-шара барысында 23 желтоқсан күні Ленинск - Русская поляна автожолында «Mitsubishi Pajero» автомашинасын тоқтатқан. 

– Көліктің жүксалғышында алты сібір елігінің бұзылған тушасы анықталған. Олардың тек төрт елікке лицензиясы бар, – дейді инспекцияда.

Аталған фактіге қатысты облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 337-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, автокөлік айып тұрағына қамалып,  еліктердің ұшасы мен қару-жарақ тәркіленді.  

Еске сала кетейік, ақбөкендерді заңсыз аулау қылмыстық жауапкершілікке тартылады, бір ақбөкен үшін және оның заңсыз өндірілген немесе сатып алынған әрбір дериваты үшін залал 3,6-дан 5,2 миллион теңгеге дейін қарастырылған.