Ақсуда ғасыр жасаған кейуанаға құрмет көрсетілді

Ақсуда ғасыр жасаған кейуанаға құрмет көрсетілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Айтулы күн аясында 100 жасқа толған ананы қала әкімі Болатбек Шәріпов арнайы құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының тұрғыны Евдокия Смольникова 100 жасқа толды. Айтулы датаға орай шаһар басшысы мерейтой иесінің үйіне барып, оған гүл шоғын табыстап, көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол мерейтой иесіне зор денсаулық, амандық, жан тыныштығын, жақындарының қамқорлығы мен ұзақ ғұмыр тіледі.

Евдокия Смольникова Воронеж облысының Сомовка ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында өсіп, алты бала тәрбиеленген шаңырақта ер жеткен. 1940 жылдан бастап Қазақстанда тұрады. Ұлы Отан соғысы жылдары колхозда еңбек еткен.

Соғыстан кейін Ермак (қазіргі Ақсу) қаласына көшіп келіп, 1946 жылы бухгалтерлік курсты аяқтаған. Әртүрлі ұйымдарда есепші болып жұмыс істеген. Олардың қатарында «Райпотребсоюз», жол пайдалану басқармасы және «Парус» фирмасы бар.

1950 жылы Михаил Смольниковпен отбасын құрып, үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір Евдокия Васильевнаның алты немересі және он шөбересі бар.

Евдокия Васильевна қала әкіміне жылы құттықтауы үшін алғыс айтып, оған шаһар мен ел игілігі жолындағы жұмысына табыс, барлық бастамаларына сәттілік тіледі.