Құс пен мал азығының сапасын арттыратын өндіріс Павлодарда қарқын алды
Павлодар облысында жұмыс істейтін Мичурин ферменттелген биошикізат құрамажем зауыты өндіріс көлемін бірнеше есе арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорын жаңа технологиялық жабдықтың көмегімен қазіргі өндірістік қуатын он есеге дейін көбейтпек. Бұл өңірдегі мал және құс шаруашылығын сапалы құрамажеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның неігізін қалаушы әрі директоры Максим Русиновичтің айтуынша, зауыт 2023 жылы құрылғанымен, өндіріс толық көлемде биыл іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеп, ет және жұмыртқа бағытындағы құстар мен ауыл шаруашылығы жануарларына арналған толық рационды құрамажем өндіреді.

Зауыттың басты ерекшелігі – өндірісте биологиялық белсенді компоненттер мен ферменттердің қолданылуы. Сонымен қатар, өнім құрамында жануар тектес ақуыздар, яғни балық және ет-сүйек ұны пайдаланылмайды. Кәсіпорын әзірге «Халал» сертификатын алмағанымен, өндіріс процесінде халал талаптарын ұстанады.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, мұндай технологиялар жануарлардың өнімділігін арттырып, олардың өсу қарқынын жақсартады әрі шаруашылықтар өндіретін түпкілікті өнімнің сапасын көтеруге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта зауытта 14 адам еңбек етеді. Өндіріс екі ауысымды бригада арқылы ұйымдастырылған. Қызметкерлер «екі күн жұмыс, екі күн демалыс» кестесімен күніне 12 сағаттан еңбек етеді. Өндірісте тек күндізгі ауысым қарастырылған.
– Бүгінде біз 12 сағат ішінде шамамен 10 тонна құрамажем шығарамыз. Ал жаңа технологиялық желі іске қосылғаннан кейін өндірістік қуат сағатына 10 тоннаға дейін жетеді. Осылайша, зауыттың өнім өндіру көлемі шамамен он есеге артады, – дейді Максим Русинович.
Өндірісті кеңейту мақсатында кәсіпорын «Даму» қорының қаржыландыру бағдарламасы аясында жалпы құны 25 миллион теңгені құрайтын жаңа жабдық сатып алған. Қазіргі таңда жаңа өндірістік ғимараттың жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі қолданыстағы өндіріс орны жаңа жабдықты орналастыруға мүмкіндік бермейді. Жаңа технологиялық желі тік орналасу қағидатына негізделгендіктен, ғимараттың биіктігін шамамен үш қабатқа ұлғайту қажет. Жабдық қазірдің өзінде жеткізіліп, қоймада сақтаулы тұр.

– Жаңа жабдық өнім түрлерін көбейтуден бұрын өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Қазіргі таңда негізгі сұраныс құс пен ірі қара малға арналған құрамажемге бағытталған. Сондықтан тек осы бағытқа басымдық беріп отырмыз. Шикізаттың шамамен 90 пайызы қазақстандық өндірушілерден сатып алынады. Бидай жергілікті шаруашылықтардан алынса, соя шроты мен күнжара Өскемен және Талдықорған қалаларындағы қайта өңдеу кәсіпорындарынан жеткізіледі. Кейбір шикізат түрлері жетіспеген жағдайда Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен сатып алынады. Негізінен бұл – жүгері, – дейді ол.
Бүгінде кәсіпорынның негізгі тұтынушылары – жеке қосалқы шаруашылықтар, шағын фермерлік қожалықтар және орта көлемдегі көтерме сатып алушылар. Ал ірі агроқұрылымдармен жұмыс істеу үшін тұрақты әрі жоғары көлемде өнім шығару қажет. Сондықтан өндірістік қуатты ұлғайту – кәсіпорынның басты стратегиялық міндеттерінің бірі.
Максим Русиновичтің айтуынша, мемлекеттік қолдау бағдарламалары өндірістің дамуына серпін береді. Оның пікірінше, ұзақ мерзімді қаржыландыру мен қазіргі нарық жағдайында мұндай бағдарламалар кәсіпкерлер үшін тиімді құрал саналады.
Кәсіпорын басшысы Павлодар облысында дәл осындай технологиямен жұмыс істейтін өндіріс орындары әзірге жоқ екенін айтады. Ол құрамажем өндірісі терең технологиялық білімді, сапалы шикізатты және өндірістік тәртіпті талап ететін, болашағы зор әрі табысты салаекенін атап өтті.
Қазіргі уақытта зауыт өнімдерін Павлодар облысына, Екібастұз қаласына, Астана мен Қарағандыға жеткізеді. Әзірге кәсіпорын шалғай өңірлерге немесе экспорттық нарыққа шығуды жоспарламайды. Себебі логистикалық шығындар мен қазіргі өндіріс көлемі мұндай бағыттарды толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, жаңа жабдық іске қосылғаннан кейін кәсіпорынның нарық ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін еселеп арттыруға мүмкіндігі пайда болады.