Мәшһүр Жүсіп музейінің қоры жаңа қолжазбалармен толықты
Бұл қолжазбалардың түпнұсқасы Павлодар қаласында тұратын Қуандық Пазылұлының жеке әулеттік мұрағатынан алынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің мәліметінше, ғұлама, ақын, этнограф, тарихшы, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойы аясында музейдің қоры жаңа қолжазбалармен толықты.
Атап айтсақ, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбаларын қазақ тіліне аударған немересі Қуандық Пазылұлының қолтаңбасы. Мәшһүр Жүсіптің екінші баласы Мұхаммед Әменнің қолжазбасының түпнұсқасы, Мәшһүр Жүсіптің кенже баласы Мұхаммед Фазылдың қолжазбасының түпнұсқасы бар. Бүгінгі күні жеке мұрағатқа Қуандық Пазылұлының ұлы Естай Жүсіпов ие болып отыр.
– Музей үшін биылғы жылдың олжасы осы түпнұсқа қолжазбалар болды, – дейді М.Ж.Көпеев мемориалдық музейінің басшысы Әсет Пазылов.
Еске сала кетейік, қазан айында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Бабалар мұрасы» атты көрме өтті. Көпшілік назарына Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұражайынан әкелінген ақын, әулиенің жеке заттары қойылды. Оның ішінде әулиенің жеке қолданған қоржыны мен тіс тазалайтын мисуагі бар. Мәшһүр Жүсіп музейінде ғұламаның қолы тиген жәдігерлер көп сақталған.