Ерке Ертістің жағасын әуенмен әрлеген жастардың қатары артуда

Ерке Ертістің жағасын әуенмен әрлеген жастардың қатары артуда
Фото: автор

Көктемнің жайма шуақ кешін павлодарлықтар орталық жағажайда серуендеп өткізгенді ұнатады. Бірі досымен, енді бірі отбасымен келіп, таза ауада тыныстап қайтады. Осындай әдемі кешті әсерлі музыкамен әрлейтін жас өнерпаздар саны күн санап артып келеді. 

Жағалаудағы жас музыканттармен @Pavlodarnews.kz тілшісі тілдесіп қайтты. 

Ерке Ертістің толқынын әуеннің ырғағымен әдемілейтін өнерпаздардың бірі — музыкалық колледждің төртінші курс студенті Сұлтанмахмұт Момынжанов.

Ол музыкаға бала кезінен жақын. Кішкентайында орындықтың үстіне шығып ән айтып, анасына микрофон алып беруді сұраған күндерін күліп еске алады. Бүгінде сол бала арманы шындыққа айналып, ол Ертіс жағалауында тұрақты түрде өнер көрсетіп жүр.

Бала кезімде анама «мен теледидарда ән салам, ал сен қарайсың» деп айтатынмын. Ал қазір жұрттың алдында ән айтып, олардың көңілінен шығуға тырысамын, - дейді жас өнерпаз.

Сұлтанмахмұт колледжге түспес бұрын вокал бойынша кәсіби дайындықтан өтпеген. Алайда қазіргі уақытта арнайы тәлім алып,өз еңбегі арқылы дамып келеді. Ол көбіне қазақ поп жанрындағы әндерді орындайды және әр әнді бар жан-тәнімен тыңдарманға жеткізуге тырысады. Ән айту арқылы өз сезімін, өміріндегі оқиғаларды баяндауды көздейді.

Жас музыкант адамдар көп жиналатын орындарды әдейі таңдайды. Оның айтуынша, дәл осындай ашық ортада тыңдарманмен байланыс орнату оңайырақ. Бірнеше жылдан бері жағалауда өнер көрсетіп жүрген ол бүгінде өз тыңдарманын қалыптастырып үлгерген.

Сайыстарға қатысу мүмкіндігі болғанымен, әзірге бар ынтасын оқуын аяқтауға бұрып отыр. Ал болашақта басқа қалаларда өнер көрсетуді көздейді. 

Адамға талант берілсе, оны жасырмай, халыққа көрсете білу керек. Сол кезде барлық қорқынышы сейіледі. Тек өзіңе сену керек, - деді Сұлтанмахмұт Момынжанов.

Бүгінде Ертіс жағалауындағы жас музыканттар қала мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Олардың жағалауда көрсеткен өнері - тек көңіл көтеру емес, қала тұрғындары үшін шабыт пен эмоция, естерінде ұзақ сақтайтын әсерлі кеш сыйлау.