«Күй алаңы»: Павлодарда домбыра флешмобы өтті
Аталмыш іс-шараға 50-ге жуық қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы әртүрлі орындарда Наурыз мерекесі қарсаңында шығармашылық жастар қатысатын «Qui alany» флешмобын ұйымдастырды. Қатысушылар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, «Адай» күйін орындады.
Кеш ұлттық музыкалық аспапты және қазақ музыкалық мәдениетін дәріптеуге, қазақ халқының мәдени символы ретінде домбыраға қоғамның назарын аударуға бағытталған. Оған 14-35 жас аралығындағы әртүрлі санаттағы жастар қатысты.
– Бүгінгі кешіміз музыкалық аспаптарды танымал етуге, сондай-ақ қоғамда музыкалық мәдениетті дамытуға себепші бола алады деген сенімдеміз. Мереке қарсаңындағы флешмобтар мен шығармашылық іс-шаралар дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды сақтауға және насихаттауға көмектеседі, – деп атап өтті Жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс жасау инспекторы Жанат Саятов.
Бұдан бөлек, Құрманғазы атындағы музыкалық мектеп оқушылары, дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының «Жанар» студиясы мен «Ұлар» ансамблі және музыкалық колледж студенттері «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Келіншек» күйлерін орындады.
Аталмыш іс-шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.