Павлодарда кинорежиссердің 100 жылдығына орай әдеби-музыкалық кеш өтті
![Павлодарда кинорежиссердің 100 жылдығына орай әдеби-музыкалық кеш өтті](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202501/image_750x_67866c14737a9.jpg)
Іс-шарада «Әл-Әки» халық ансамблі және ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржан Сарқамбаев өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында режиссер, қазақ кино аударма өнерінің негізін қалаушылардың бірі ақын, композитор Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына арналған «Алып өнердің асыл нары» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Кеш ұлы шебердің шығармашылығы мен естелігін дәріптейтін нағыз өнер мерекесіне айналды. Оны Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы мен Естай атындағы мәдениет сарайымен бірлесіп ұйымдастырды. Кеш барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржан Сарқамбаев «Әл-әки» халықтық фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әндер шырқады.
Сонымен қатар, Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына арналған «Менің өлкем» атты мектеп оқушылары арасындағы бейне байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды.
Жүлделі бірінші орынға Дәмиля Қайыргелдіқызы ие болса, Әлмансұр Қуанышұлы екінші орынды, ал үшінші дәрежелі орын иесі Рамазан Пулатов болды.
Қуат Әбусейітов 1925 жылы 6 желтоқсан күні Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын облыстық қазақ драма театрынан бастайды. 1943 жылы Алматыдағы актерлер дайындайтын киномектепке оқуға түсіп, 1947 жылы үздік бағамен тәмамдаған. «Қазақфильм» киностудиосында режиссердің ассистенті, кейін дубляждің режиссері болып қызмет атқарды. Режиссер 30-дан астам телевизиялық фильм түсіріп, 500-ге жуық фильмді қазақ тіліне аударған. Оның шығармашылығында Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді белгілі тұлғалар туралы деректі фильмдер ерекше орын алады.
Сонымен қатар, Қуат Әбусейітов әйгілі жазушы Дихан Әбіловпен бірге екі сериялы «Ақын арманы», Ермек Серкебаев жайлы «Бәрі сен үшін», «Сераға», «Ғалым ауылында» сияқты хроникалық фильмдер түсірді.