Май ауданында өңірдің тарихи жерлерін таныстыратын тың жоба іске асырылуда

Май ауданында өңірдің тарихи жерлерін таныстыратын тың жоба іске асырылуда

Аудандық жоба «Май жібек жолы» деп аталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – оқушыларды аудандағы және өңірдегі тарихи, киелі жерлермен таныстыру. 

 «Ақшиман - Торайғыр» бағытындағы үш күндік жазғы демалысқа қатысқан 100-ге жуық аудан оқушысы өңіріміздің тарихымен танысып, сұлу табиғат аясында демалды. Оқушылар Май ауданында «Қалмақ қырылған» тауының бөктеріне саяхаттады, Мақат қажы, Ақбалық Хазірет, Қайса ата кесенелеріне барып, қасиетті тұлғалар туралы мағлұматтар алды.  

 – Сапардың екінші жартысы Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында өтті. Балалар Баянауыл табиғатының керемет көріністерін тамашалап қана қоймай, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайын аралады. Сондай-ақ, саяхатшылар халық арасында «Сәкен шыңы» деп аталатын тау жоталарын тамашалап, Ақбеттау баурайындағы ғажайып көлдің жағасында демалды, – дейді басқармада. 

Кешке балалар үшін спорттық жарыстар мен квесттер өткізілді, ал қараңғы түскенде жоба қатысушылары өз әсерлерімен бөлісті. 

Демалыстың соңғы күні оқушылар Ақшиман ауылының маңында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Экологиялық десант» акциясына қатысты.

Аталған іс-шараға қатысқан барлық командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Мұндай сапарлар әр ауданда жоспарланған.