Мал іздеуге шыққан: Павлодар облысында жоғалған әйелді 100-ден астам адам іздеуде
Таңертең тікұшақ екі сағаттай 30 шақырым радиусты шолып шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына жедел құтқару жасағынан бес құтқарушы мен екі көлік – «Трэкол», «УАЗ» техникасы, полиция департаментінен 6 қызметкер және екі техника, жергілікті атқарушы органнан 19 қызметкер және бес техника, «Вита» еріктілерінен төрт адам, «Тілек», «Болат», «Тұрсын», «Алғазы» шаруа қожалықтарынан 16 адам мен төрт техника, ауыл тұрғындары жұмылдырылған.
– Іздеу жұмыстарының радиусы шамамен 5000 шаршы шақырымды құрады. Әзірге іздеу шаралары нәтиже бермеді. 18 сәуір күні Еурокоптер тартылды, – дейді департаментте.
Ауылдастары жоғалған әйелдің отбасы өте тату екенін айтады. Боран басталғанға дейін оны екі адам – көршісі және шаруа қожалықтарының бірінің басшысы көрген. Екеуі де оған жеткізіп салуды ұсынған, бірақ ауыл тұрғыны бас тартқан. Ол көліктің жанында күйеуі күтіп тұрғанын және өзі жететінін айтқан.
Бесқауға ауылының әкімі іздеушілерге Жаңажол ауылының маңында мавзолейде жататын орын ұсынып, тамақпен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ 30 шақты көлік пен 40 адам жылқымен іздеуге шыққан.
1989 жылы туған әйел адамды үйінде 2013 және 2019 жылдары туған екі қызы күтіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 16 сәуір күні сағат 22.10-да Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылында ерлі-зайыптылардың мал іздеуге кеткені туралы ақпарат түскен. Екеуі автокөлікті жолдың жиегіне қалдырған соң әртүрлі бағытта жаяу кеткен. Күйеуі көлікке оралғанда жұбайы болмаған.