Майқайыңдағы оқиғаға жауаптылар анықталды
Тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы апат салдарынан болған жазатайым оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия нәтижелерін жариялады.
Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді. Осы кезеңде Төтенше жағдайларп министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге төрт сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей Федерациясының сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларымен сауалнама жүргізді. Сонымен қатар, тергеу барысында олар шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеді.
Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралатын болады.
Бұдан басқа, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізіледі. Құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленетін болады.
Комиссия жеті жауапты адамды анықтады, еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.