Павлодарлық құтқарушылар жаңажылдық демалыстарда қол қусырмады
Алты күн ішінде техногендік сипаттағы бес төтенше жағдай тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін облыстық ТЖД қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.
Осы кезеңде құтқарушылар 24 оқиға орнына шықты. Оның ішінде бесеуі өрт оқиғасы, жетеуі авариялық-құтқару жұмыстары болды. Бұл оқиғалардың барысында екі адамға, оның ішінде облыстық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған екібастұздық азаматқа көмек көрсетілді.
– Әйел адамның есікті ашпағаны көршілерін алаңдатты. Құтқарушылар арнайы жабдықтың көмегімен есікті ашып, әйелді 103 қызметіне тапсырды. Ал екінші жағдайда Павлодарда көпқабатты үйлердің бірінде 5-қабаттың терезесінен азамат үйге жалғасқан ғимараттың төбесіне құлап түсті. Құтқарушылар оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметіне тапсырды, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Алғашқы өрт 2 қаңтар күні сағат 2:07-де Павлодар қаласындағы Ленинградская көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйде орын алды. 50 шаршы метр аумақта үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанды. Зардап шеккендер жоқ.
Сол күні сағат 20:25-те Павлодар ауылында үш пәтерлі саман үйде өрт шықты. Ас бөлмеде жылу құбыры айналасындағы төбенің ағаш жабындысы жанған. Жалын 0,1 шаршы метр аумақты шарпыды. Зардап шеккендер жоқ.
4 қаңтар күні сағат 18:41-де Қостанай көшесінде жазғы асханаға жалғасқан кірпіш моншаның ағаш шатыры жанды. Жалын 10 шаршы метр аумақты шарпыды.
Сол күні сағат 20:38-де Кедровая көшесінде тағы бір монша өртенді. Өртке электр автоматтарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Жалын 1 шаршы метр аумақты шарпыды.
5 қаңтар күні сағат 4:32-де Ақсу қаласы, Карл Маркс көшесінде бөлек орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шықты. Үйдің шатырының ағаш конструкциялары жанды, жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыды. Барлық жағдайларда зардап шеккендер жоқ.
Аталған оқиғаларда ТЖД қызметкерлері, 102, 103 және қалалық электр желілері қызметтері жұмылдырылды.