Павлодар облысында қызыл түске жүйткіген 1,5 мыңнан астам жүргізуші жазаланған
Бағдаршамның қызыл түсіне өткен тұрғындарға айыппұл салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызыл түске өту маңызды сигналды елемеген жүргізушілер кінәлі болатын апатқа әкелуі мүмкін ережелерді бұзу болып табылады. Биыл жыл басынан бастап мұндай бұзушылық үшін 1,5 мыңнан астам жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
– Катаев – Естай көшелерінің қиылысында «Mercedes-Benz» жүргізушісі тыйым салатын белгіні елемей жүріп өткен. Тәртіп сақшылары Катаев – Толстой көшелерінің қиылысында да осындай фактіні тіркеді. «Nissan» автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салу сигналын елемеді. Полицейлер жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Енді бұзушылар 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек, – дейді департаментте.
Ведомствода әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылғанын ескертеді.