Мемлекеттік орган павлодарлықтың тұтынушылық құқығын қорғады

Мемлекеттік орган павлодарлықтың тұтынушылық құқығын қорғады
Фото: Константин Шелков

Павлодар тұрғыны тауарды 9 190 теңгеге сатып алған. Алайда оны қайтару кезінде тасымалдау шығынын өзі өтеуі талап етілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тұтынушы тауар қолына тиген кезде оның маркетплейстегі сипаттамаға сәйкес келмейтінін анықтаған.

Алайда сатып алған затын қайтару кезінде күтпеген жағдайға тап болған. Оған сөмкені кері жіберу үшін тасымалдау шығыны ретінде 25 мың теңгені өз қалтасынан төлеу ұсынылған.

– Сатып алушыдан сөмкені қайтару үшін оның тасымалына 25 мың теңгені өз бетінше төлеу талап етілген, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

Мемлекеттік органның араласуынан кейін павлодарлыққа тауар үшін төлеген 9 190 теңгесі толық қайтарылды.

Нұрсұлу Әубәкірова электронды саудаға қатысты шағымдар санының айтарлықтай өскенін атап өтті. Биыл Kaspi, Wildberries, Ozon және басқа да электронды сауда алаңдарына қатысты 285 өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Департамент мамандарының көмегімен тұтынушыларға 1,2 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Мамандар шағымдар санының өсуін тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы түсіндіру жұмыстарының күшеюімен байланыстырады.

Талдау нәтижелеріне сүйенсек, Павлодар облысында тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек сауда саласында бұзылады. Бұл бағыттағы шағымдардың үлесі 43,9 пайызды құрайды. Ал тұрмыстық қызмет көрсету және электронды сауда салаларында бұл көрсеткіш 18 пайызға жеткен.