Павлодар облысына жүз қырық миллиард теңгедей инвестиция құйылды
Биыл бірінші тоқсанда шетелдік инвесторлармен бес кездесу өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық инвестициялық штабтың отырысында 2024 жылдың бірінші тоқсаны қорытындыланды.
– Өңірде бірінші тоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 138,8 миллиард теңгені құрады, нақты көлем индексі – 118,6, – делінген хабарламада.
Өңір басшысы Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша шартты бейіндер негізінде инвестициялық жобаларды саралау және олардың экономикалық тиімділігін бағалау жүргізілді, биыл енгізіліп жатқан жобалар бойынша Жол карталарына қол қойылды.
– Бейінді басқармамен өнеркәсіп секторында және саудада 33 жоба сүйемелденуде. Бірінші тоқсанда шетелдік инвесторлармен 5 кездесу өткізілді, – дейді баспасөз орталығында.
Асайын Байханов мемлекеттік органдардың жұмысында белсенділік қажет екендігіне назар аударды, инвесторлардың тіркеуден бастап инвестицияларды «салуға» дейінгі барлық рәсімдерден жеңіл өтуін қамтамасыз етуді және қосымша жер учаскелері бойынша туындаған мәселелерді шешуді, техникалық шарттарды беруді тапсырды.