Павлодарлықтардың салық мәдениеті қалай өзгеріп жатыр?
Бұл өзгерістерге сандық технологиялар әсер етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі жеке тұлғалардың шамамен 90 пайызы салықтарын уақытылы төлейді. Қалған 10 пайызы көбіне төлем жасауды ұмытып кетеді немесе көлік және мүлік салығы сияқты салықтар бойынша есептелген соманың көптігіне байланысты қиындықтарға тап болады.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, салық төлемдеріне қатысты жағдай айтарлықтай жақсарған. Ол мұның негізгі себептерінің бірі ретінде цифрлық сервистердің дамуын атады.
– Бұрын біз қағаз хабарламалармен жұмыс істеп, оларды үйлерді аралап таратуға тура келетін. Цифрлық технологиялардың арқасында қазір әрбір салық төлеушіге ақпаратты жедел жеткізе аламыз. Салық сомасы мен берешек туралы ақпаратты бірден білуге болады. Ол үшін e-Salyq Azamat салық платформасы дамып келеді. Хабарламалар eGov арқылы және push-хабарламалар түрінде де жіберіледі, – дейді Төлеген Шаймарданов.
Цифрландыру салық органдарына бұрыннан қалыптасқан берешектердің едәуір бөлігін анықтап, өндіріп алуға мүмкіндік берді.
– Берешекке қатысты жағдай бірнеше жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Адамдар бұрынғыдай қағаз декларациялар мен салық сомасын нақтылау үшін орталықтарда кезек күтуді біртіндеп ұмытып келеді, – деп қосты маман.
Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті есептеулердің дұрыстығын тексерудің жаңа алгоритмін де енгізді. 1414 нөмірі жұмыс істейді, онда бірінші желі мамандары салық заңнамасына қатысты стандартты сұрақтарға жауап береді. Егер азамат есептеуде сәйкессіздік болуы мүмкін екенін айтып, оның дұрыстығына күмән келтірсе, өтініші жедел түрде есепте тұрған жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолданады. Бейінді мамандар мәліметтерді тексеріп, қажет болған жағдайда түзетулерді бірден енгізеді.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері өңірдің салық органдары түсімдердің өсуін және бюджет кірістерінің тұрақты толықтырылуын қамтамасыз етті.
Республикалық бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 103,7 пайызға орындалды. 370 миллиард теңге көлемінде белгіленген жоспардан артық қаражат түсті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 141,1 пайызды құрады, яғни 111 миллиард теңгеге артық түскен.