Павлодар облысында мал сою алаңдары жеткіліксіз
Өңірде 1048 мал сою алаңы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен агроөнеркәсіптік кешеннің салалық кеңесінің отырысында шаруалар мал сою алаңдарының тапшылығы, бруцеллезге қарсы күресте мал өсірушілерді қолдау қажеттілігі және басқа да мәселелерді көтерді.
– Бізде мал сою алаңдары жеткіліксіз. Ал жұмыс істейтіндер ресми түрде тіркелген. Адамдардың 50-60 шақырым жердегі учаскеге барып, сол жерде сойып жатқанына күмәнім бар. Жергілікті жерлерде мал сою алаңдарын ашу үшін жұмыс жүргізу керек, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені салалық кеңесінің төрайымы Гүлзира Қазылова.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бәке Тасыбаев ұсынған соңғы мәліметтер бойынша өңірде 1048 алаң бар.
Шаруалардың айтуынша, оларға мемлекеттік органдарда халықаралық стандарттарға сәйкес, аграршылар малды бруцеллезге қарсы мемлекет есебінен егетін болса, экспортқа жол жабылатыны туралы айтқан. Сондықтан олар мал бруцеллезімен күресте қолдау көрсетуді сұрады. Яғни, егер мемлекет осы ауруға қарсы шаралар қабылдайтын болса, онда Қазақстан бруцеллез тұрғысынан қолайсыз ел болмақ. Осыған байланысты мал өсірушілер мұндай ауруға қарсы мемлекет есебінен күресе алмайды.
– Біздің елде бруцеллезге қарсы вакциналау бөлігінде қолдау жоқ. Бұл ретте кейінірек экспортқа шыға алмау жайлы мәселе көтеріліп отыр. Бірақ экспортқа АӨК субъектілерінің бірліктері, оның ішінде ірілері ғана шығады. Бәлкім, олар бұл жұмысты өздері де жүргізеді, себебі, әр кәсіпкер қауіптің алдын алуы тиіс. Сонда ол өз өнімдерін қалай экспорттайды? – деп сұрады Гүлзира Қазылова.
«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2023 жылы Павлодар облысында бір жарым миллион теңге игерілген. Оның мақсаты – кірісті арттыру және ауылдағы өмірді жақсарту. Бағдарлама ережелеріне сәйкес тек жаңа және жұмыс істеп жатқанына үш жыл толмаған жеке кәсіпкерлер ғана несие ала алады.
– Жеке кәсіпкер үшін сома ең көп дегенде 2500 айлық есептік көрсеткішті құрады, ал ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері үшін – 8000 айлық есептік көрсеткіш. Мысалы, егер сіз сою алаңын салғыңыз немесе іске қосқыңыз келсе, кооперативтің құрамына кіріп, несие ала аласыз. Мәселен, Успен ауданында осы әдісті қолданған. Бұл бағдарлама 2024 жылы жұмыс істейді және шамамен наурыз айында басталады. Оны іске асыруға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Бұрынғы шарттары сақталған, «кредиттік демалыс» бар, – деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірова.
Сондай-ақ ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығының несиеленетін бағыттары бойынша нақты шектеулер жоқ екенін атап өтті. 2023 жылы несиелердің 80 пайызы мал шаруашылығына, мысалы, мал сатып алуға берілген. 2024 жылы осы саланы дамытуға несиелердің тек 50 пайызы ғана берілуі мүмкін, қалғандары аграрлық сектормен байланысы жоқ, бірақ ауылдарда ұйымдастырылған кез келген ауыл шаруашылығы бизнесі мен кәсіпкерлікке – бизнестің басқа түрлеріне бағытталады.