«Мейірімді Ertis» шағын гранттар байқауы басталады
Оған волонтерлік ұйымдар, бастамашыл топтар мен азаматтар қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқауды Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Жастар бастамаларын дамыту орталығы өткізуде.
Дода волонтерлік қозғалысты қолдау шеңберінде Павлодар қаласының аумағында волонтерлік ұйымдар, бастамашыл топтар мен азаматтар арасында «Мейірімді Ertis» шағын гранттар байқауы басталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау бес бағыт бойынша өтеді.
Бірінші бағытта қоғамда жануарларға жауапты әрі ізгілікті қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталған - «Жанашырлық» жобасы. Мұнда жануарларға ұқыпты қарау мәдениетін арттыруға және қатыгездікке жол бермеудің алдын алуға бағытталған зооволонтёрлік саласында ағартушылық іс-шаралар, акциялар мен бастамалар өткізу көзделеді.
Екіншісі әлеуметтік волонтёрлікті дамыту арқылы аға буын өкілдерін қоғамдық өмірге қолдау көрсетуге және тартуға бағытталған - «Аға буын» жобасы. Бұл бағытта қарт адамдарға арналған қайырымдылық акциялары, кездесулер мен бос уақытты ұйымдастыру шаралары өткізіледі, сондай-ақ олардың өзекті қажеттіліктерін ескере отырып атаулы көмек көрсетіледі.
Үшіншісі «Таза Ертіс» деп аталады. Ол — «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында іске асырылатын және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды нығайтуға бағытталған жоба.
Ал төртіншіде «Volunteer.AI» — цифрлық волонтёрлікті дамытуға және әлеуметтік міндеттерді шешуде заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдануға бағытталған жоба. Жоба аясында қатысушылар әлеуметтік маңызы бар цифрлық контентті әзірлейді, қолдайды және таратады, қоғамдық бастамаларға онлайн қолдау көрсетеді, сондай-ақ цифрлық жобаларды әзірлеу мен ілгерілетуге қатысады.
Соңғы бесінші жоба - «Қауіпсіз орта». Ол халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлардағы мінез-құлық мәдениетін дамытуға бағытталған жоба. Жоба аясында алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт, су тасқыны және басқа да төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша оқыту тренингтері мен практикалық сабақтар өткізіледі, сондай-ақ профилактикалық және қолдау шараларына қатысу үшін волонтёрлер даярланады.
– Әр бағыттың жеңімпазы өз жобасын іске асыруға бес жүз мың теңге көлемінде шағын грант иегері бола алады. Өтініш беру мерзімі 4 мамырға дейін, - дейді бастамашыл топ өкілдері.
Байқау шарттарымен толығырақ 87475357299 телефон нөмірі бойынша танысуға болады.
Айта кетелік, өтінімдерді қабылдау 20 сәуір күні басталған болатын.