Павлодар облысының жолдары жаңа белгілер мен бағдаршамдармен толығуда

Павлодар облысының жолдары жаңа белгілер мен бағдаршамдармен толығуда
Фото: Константин Шелков

Биыл төрт мыңнан астам жол таңбалары орнатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы жылы облыс жолдарында төрт мыңнан астам жол таңбалары орнатылып, 9577 шақырымда жол сызықтары сызылды. Сондай-ақ 741 шаршы метр аумақта дабылды жол белдеулері салынды. 

– Оған қоса 17 жаңа бағдаршам орнатылды. Олар арнайы жүргіншілерге арналған «қызыл батырмамен» жабдықталған. Яғни, кез келген жүргінші түймені басу арқылы, қауіпсіз түрде көшенің арғы бетіне өте алады. Оның он бірі шаһарда, қалғаны Шарбақты ауданында қойылды, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқарма басшысы Бәкібай Ахмедьянов.

11 айда облыс аумағында 1041 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 73 адам қаза тауып, 1500 адам зардап шеккен. Бәкібай Ахмедьяновтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқан жандардың көрсеткіші өзгеріссіз қалды. 

Шаһарда ең қауіпті жол учаскесі – Назарбаев даңғылы мен Естай көшесінің қиылысы, мұнда жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары жиі тіркеледі.

– Көп жағдайда бұл аумақта көлік оқиғалары жүргізушілердің бағдаршамды елемеу салдарынан туындайды. Көбі үлгеріп қаламын деп, жылдамдықты асырып, қиылысты өтпекші болады. Алайда қазіргі бағдаршамдар қызыл, кейін бірнеше секунд сары және жасыл түске ауысады. Осыны елемеу салдарынан бұл жол учаскесі қаладағы қауіпті аймақтардың бірі болып тұр, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, 28 қарашадан бастап өңірде «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешендері өз жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін олар 74 заңбұзушылық фактісін анықтап, жүргізушілерге 609 460 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.