Мәжіліс депутаты Дементьева қазақ тілін меңгерудің құпиясы жайлы: Бастысы – ниет
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 25 жыл қазақ тілінен сабақ берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» тақырыбында өткен республикалық форумда Наталья Дементьева білім беру саласының қызметкерлерін Ұстаздар күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Мен 2002 жылы университетті тәмамдағанда, 15-20 жыл бұрын мемлекеттік тіл осындай жоғары деңгейге жетеді деп ойламаған едік. Қазір барлығыңызға қарап, шынымен де мемлекеттік тіл – қазақ тілі ұлтаралық тіл деңгейіне жетті деп сеніммен айтқым келеді. Соны дәлелдейтін көрсеткіш – Мәжілістің қабырғасында шетелден келетін азаматтармен кездесуде, қонақта болғанда олардың мемлекеттік тілімізге деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын көрдік. Олар қазақ тілін білгісі келетінін, сөйлегісі келетінін көргенде таң қалдым. Әрине, әр елдің тәуелсіздігін қамтамасыз ететін – тіл, – деді Наталья Дементьева.
Мәжіліс депутатының пікірінше, Қазақстанның азаматы бола тұрып, мемлекеттік тілді екінші ана тілі ретінде қабылдау керек.
– Расул Ғамзатов «Егер менің тілім ертең жоғалатын болса, онда бүгін өлуге дайынмын» деп жырлағандай, ең басты міндет – мемлекеттік тілде сөйлеу, мемлекеттік тілді білу. Бұл қазіргі кезде жаңалық емес, аксиома ретінде қабылдау керек. Менің түсінгенім: елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Бастысы, ниет болу керек. Достар, қазақ тіліне деген қызығушылықтарыңыз бен сүйіспеншіліктеріңіз үшін мың алғыс! – деп сөзін түйіндеді Наталья Дементьева.
Еске сала кетейік, «Қазақстан» РТРК АҚ «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі Алла Гаврина қазақ тілін қалай үйренгені жайлы айтып берген болатын.