Павлодарлық полицей жоғалған әмиян мен алтынды иесіне тауып берді
Қала тұрғыны 70 мың теңге ақша мен алтын бұйымдары бар әмиянынан айырылып қалған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласының тұрғыны Гүлмира Дәулетшина Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Сабыр Саиповқа жедел және кәсіби шеберлігі үшін шын жүректен алғыс білдірді.
Әмиянын жоғалтқан әйел адам үйге келген соң дереу полицияға қоңырау шалған. Учаскелік полиция инспекторы 20 минут ішінде келіп, болған оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі сұраған.
– Келесі күні таңертең полиция капитаны Саипов Сабыр жоғалған әмиянды қайтарып берді. Қуанышымда шек болмады. Ақша мен алтын орнында болды. Полиция капитаны өзінің қызметтік міндеттерін кәсіби және жауапты орындағаны үшін зор алғысымды білдіреді, – деді қала тұрғыны өз хатында.
Әмиян сауда үйінде жүргенде сөмкеден түсіп қалғаны белгілі болды. Учаскелік полицей бірден дүкендердің, сауда үйлерінің әкімшілігіне қоңырау шала бастаған, нәтижесінде қала тұрғынының жоғалған әмияны табылды.