Павлодарда сарбаздар мен әскери бөлімнің арулары Мұқағали жырларын оқыды

Павлодарда сарбаздар мен әскери бөлімнің арулары Мұқағали жырларын оқыды
Фото: Дана Мұқаева

«Шығыс»  өңірлік қолбасшылығына қарасты  5512 әскери бөлімінің клубында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты Мұқағали оқулары өткізілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бүгін, 9 ақпан  қазақ поэзиясына ерекше екпін әкелген ақиық ақын Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күні. 

5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының  мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, аға лейтенант  Дана Мұқанованың айтуынша, іс-шараға мерзімді қызметтегі сарбаздар мен әскери бөлімнің арулары қатысты. Еске алу кеші поэзия патшалығында өз қолтаңбасын қалдырған тарлан ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған.

Ақынның шығармашылығына арналған кештің шымылдығын қатардағы жауынгер Мағжан Абаев «Моцарт. Жан азасы. Табыт үнімен» ашты. Жеке құрамға ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Қатардағы жауынгер Ерасыл Әсетұлы ақынның «Есіңе мені алғайсың» әнін нақышына келтіріп орындап берді.  

Іс-шара барысында ақынның  туындыларынан үзінділер оқылды. Қатардағы жауынгер Әділ Смағұлов, Нүсіпжан Ернұр, Мағжан Абаев адам жанының асыл қасиеті, асқақ мұраты, таным тұғыры, риясыз, ынтық, нәзік сезімнен сыр шертетін  «Бала ғашық», «Күрсіңбе», «Ғашықпын», «О, махаббат» атты туындысына диалог оқыса, қатардағы жауынгер Арыстанбай Асанәли, Арман Айтқұлов, Сах Еркебұлан, Рауан Манарбекұлы, Расулбек Шаукиев және тағы басқалары «Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған», «Көңілде жоқ қалғанын» сияқты жырларын оқыды.  

 –  Сарбаздар арасында  осындай іс-шараларды өткізу – біздің баға жетпес байлығымыз. Бабалардан өсиет болып қалған, халқымызға қасиет болып қонған, құнды қазынамызды дәріптеудің құралы десем артық кетпеспін. Ақын мұрасы, маржан  поэзиясы – болашақ ұрпақтың еншісі, еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелеудің тетігі, – деп өз ойымен бөлісті Мұқағали оқуларына қатысқан Мағжан Абаев.

Әділ Смағұл қазақ елі Мұқағали Мақатаевтай ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғасымен  мақтанатынын атап өтті. 

– Ақынның туындылары – қазақ тілінің сұлулығының, құлақ құрышың қандыратын әуезділігінің куәсі. Ақын мұрасын сыйлау, оны мақтаныш ету, насихаттау – біздің парызымыз, – деді ол. 

Сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың  шығармашылығын қамтыған  кітап көрмесі қойылды.  Кеш соңында барлық әскери қызметшілер өнегелі өнері, саналы бастамасы үшін  бөлім командирінің атынан грамоталармен марапатталды.