Павлодар күркетауық еті мәскеуліктер мен бакулықтар сұранысына ие

Павлодар күркетауық еті мәскеуліктер мен бакулықтар сұранысына ие

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы бірінші кезекте Шақат ауылдық округінде орналасқан Turkey PVL ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысты. Асайын Байханов мұнда істейтін персоналмен танысып, өндірістік процеске көз жеткізуге асықты.

- Жұмыскерлер негізінен Жетекші, Шақа, Красноармейка, Кемеңгер ауылдарынан, өзіміз апарамыз, өзіміз әкетеміз, түсте тамақ береміз, - дейді Turkey PVL ЖШС өкілі Владимир Қатқадамов. – Барлығы 140 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында еуропалық заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Шығарылатын өнім 100 пайыз табиғи болады. 

Кәсіпорын өнімі Қазақстанмен қатар, Ресей астанасы Мәскеуге, Әзербайжанға шығарылады. Қырғызстан мен Өзбекстанмен келіссөздер жүргізілуде. 

Кәсіпкер облыс басшылығынан субсидия бөлу бойынша қолдау сұрады. Асайын Байханов бизнесмендер заңмен көрсетілген шекте мемлекеттік қолдауына ие бола алатынын айтты. 

- Біз унитарлы мемлекетпіз, сондықтан қолдау бәріне бірдей беріледі, - деді Асайын Байханов. – Мемлекет сіздерге жер бөлді, коммуникациялар мен инженерлік инфрақұрылым тартып берді. КСРО заманы емес, бизнесменсіздер ме – тәуекелдерге жауап бере білу керек. 

Сөз соңында облыс басшысы өнім сапасын әрі қарай дамыту, өнім және экспорт көлемін ұлғайту керектігін айтты.

Кәсіпорын толығымен іске қосылғанда жылына сегіз мың тонна күркетауық етін шығаратын болады. Жоба құны 2,3 млрд теңге - жеке меншік инвестициялар.

Фото: Оразбек Саяхат