Экібастұз МАЭС-1 салық төлемегені үшін әшкереленді

Кәсіпорын мемлекет алдындағы қарызын толық өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Экібастұздағы Б. Нұржанов атындағы МАЭС-1-де салық төлемеу фактісін прокурорлар тексеру барысында анықтады. Олардың мәліметінше, жабдықтарды жөндеу кезінде кәсіпорын табыс табу қызметіне қатысы жоқ тауарлар, жұмыстар және қызметтер бойынша шығындарды шегерімге шығарған. Нәтижесінде төленбеген салықтың жалпы сомасы 421 миллион теңгеге жетті.
Прокурорлардың тексерісі аясында «Қазақстандық вагон жасау компаниясы» ЖШС де қамтылды. Қадағалау органы берген мәліметке сәйкес, бұл кәсіпорын өнімді өткізуден түскен айналымды кемітіп көрсетіп, мемлекетке 550 миллион теңге салықты төлемеген.
Камералдық бақылау нәтижесінде барлық анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Кәсіпорындар жетіспейтін салық сомаларын мемлекеттік бюджетке өз еркімен толық төледі.