Павлодарда шет елге заңсыз бидай экспорттаған құқық бұзушы ұсталды

Тергеу олардың салық пен тарифтен жалтару үшін жалған құжат қолданғанын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысы тапсырған көлеңкелі экономикамен күрес міндеттерін орындау шеңберінде бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті заңсыз астық импорты мен экспортына қатысты фактілерді анықтап, қылмыстық істер қозғаған.
– Бұл ЖШС Павлодар облысында тіркелген. Ол Өзбекстан мен Ауғанстанға бидай экспорттаған. Салықтан және «Қазақстан темір жолы» тарифінен жалтару үшін жалған құжаттар қолданған. Тауардың қазақстандық екені көрсетілген, себебі мұндай өнімге төрт есе төмендетілген жеңілдік тариф қарастырылған, – деді облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков.
Оның айтуынша, қазір бидайдың шығу тегі тексерілуде. Құжаттар оның Ресейден әкелінгенін растайды. Бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 195-бабына сәйкес, айыппұл немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлері облыстағы ірі экспорттаушылардың бірінің салықтан жалтару дерегін анықтады. 2022–2023 жылдары ол шетелге жергілікті бидайды жеткізіп, оның шығу тегін жалған компаниялар арқылы рәсімдеген. 1,9 миллиард теңгеге жасалған мәмілелердің жалған екені дәлелденіп, мемлекетке 322 миллион теңге шығын келген.
Ал Ринат Арғынбековтің айтуынша, Ресейден «сұр» астық импорты көрші елге енгізілген санкциялардан кейін үлкен проблемаға айналды. Қазақстандық астық трейдерлері ресейлік арзан бидайды көптеп импорттап, оны Орталық Азия елдеріне экспорттауды күшейткен. Биыл павлодарлық кәсіпкерлер көрші елден 50 мың тоннадан астам бидай әкелген. 60 жергілікті кәсіпорын 19 миллиард теңгеден астам сомаға 225 мың тонна астық өнімдерін экспорттаған.
– Ресейден автокөлікпен әкелінген кезде тауардың декларациядағы көлемі азайтылады. Осылайша импорттаушылар ҚҚС төлеуден жалтарып, ел бюджетін шығынға ұшыратады, – дейді Ринат Арғынбеков.
Сондықтан департамент бастамасымен облыс шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттеріне таразы жабдықтары орнатылып жатыр.
Мәселені шешу үшін облыс шекарасындағы өткізу бекеттеріне таразы жабдықтары орнатылып жатыр.