Павлодар облысы олимпиадалық білім беру рейтингінде көш бастады
Облыстағы бірқатар білім ошағы еліміздің үздік 100 білім ордасы қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс-Баян өңірі 2025–2026 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің білім беру кеңістігінде өзінің мықты екенін тағы да дәлелдеді. Биылғы зияткерлік додаға 676 мектептен 1636 оқушы қатысып, өз білімдері мен қабілеттерін жан-жақты сынға салды. Нәтижесінде еліміз бойынша 114 үздік білім беру ұйымы анықталды.
– Осы беделді рейтингте Павлодар өңірінен 8 мектеп үздік 100 білім беру ұйымының қатарына енді. Бұл – өңірлік білім сапасының жүйелі дамуы мен ұстаздар қауымының еңбегінің нақты көрсеткіші, - делінген облыстық білім беру басқармасының хабарламасында.
Республикалық олимпиадалық рейтингте Павлодар облысының бірқатар білім беру ұйымдары жоғары орындарға ие болды. Мәселен, 10 орын – дарынды балаларға арналған №3 гимназия, 11 орын – дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі, 14 орын – Білім-Инновация лицейі (ер балаларға арналған), 16 орын – мамандандырылған «Жас Дарын» мектеп-лицейі, 24 орын – Шәмкенов атындағы мектеп, 24 орын – Екібастұз қаласының Білім-Инновация лицейі, 24 орын – Абай атындағы мектеп (Баянауыл ауданы), 24 орын – Ақсу қаласындағы Гагарин атындағы мектеп.
Бұл нәтижелер Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарының олимпиадалық бағыттағы жүйелі жұмысының, дарынды оқушыларды қолдау мен тереңдетілген даярлықтың нәтижесі екенін көрсетеді.
Бұл мектептердің рейтингке енуі – өңірлік білім беру жүйесінің ауқымы кеңейіп, сапа деңгейінің тұрақты түрде артып келе жатқанын айғақтайды.
Павлодар облысының республикалық олимпиадалық рейтингтегі жетістігі – оқушылардың білімге деген ұмтылысы мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.