«Ertis» колледжінің студенттеріне Германияда тағылымдамадан өтуге жол ашылды

«Ertis» колледжінің студенттеріне Германияда тағылымдамадан өтуге жол ашылды
Фото: облыстық білім беру басқармасынан

Студенттерді алты айлық тәжірибеден өтуге аталған елге жіберу қарастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжі Германия Федеративтік Республикасындағы ұйыммен ынтымақтастығын кеңейтпек. Бұл болашақ ветеринарлар мен ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандарына неміс кәсіпорындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.

Білім ошағына неміс елінің LOGO e.V. «Шығыс Еуропамен ауыл шаруашылығы және экологиялық тепе-теңдік» ұйымының төрағасы Хартвиг Меннен келді. Аталған ұйым әртүрлі мамандықтар бойынша білім алушылардың шетелдік кәсіпорындарда халықаралық тағылымдамадан өтуін ұйымдастырады.

Сапар барысында Хартвиг Меннен оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, білім беру бағдарламаларымен және жастарды практикалық даярлау мүмкіндіктерімен танысты. Кездесуде ветеринария және ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыттарында білім алып жатқан жастардың Еуропа еліндегі кәсіпорындарда тәжірибе жинақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында тараптар алдын ала келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ендігі міндет – «Ertis» колледжі студенттердің аталған мемлекеттегі кәсіпорындарда алты ай тағылымдамадан өту мүмкіндігін қайта жаңғырту мәселесін пысықтау.

Халықаралық серіктестік жастарға еуропалық технологиялармен танысып, шетелдік кәсіби ортада тәжірибе жинауға жол ашады. Колледждің ынтымақтастығы Ресей, Қырғызстан және алыс шетелдердегі білім беру ұйымдары мен кәсіпорындарды қамтиды. Алынған білім мен дағдыларды кейін Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында қолдану көзделіп отыр.

Колледждің халықаралық ынтымақтастығы Ресей, Қырғызстан және алыс шетелдердегі білім беру ұйымдары мен кәсіпорындарымен байланыстарды да қамтиды.