Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы қызметімен қоштасты

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы қызметімен қоштасты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы Қуаныш Қыдыралин Іnstagram әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Мен өмірімдегі маңызды кезеңмен бөліскім келеді: білім беру бөлімінің басшысы ретіндегі қызметімді аяқтаймын. Бұл жылдар жетістіктерге, жаңа бастамаларға және білім беру жүйесінің игілігі үшін атқарылған үлкен жұмыстарға толы болды. Қызметіммен қоштасамын, бірақ өз миссиямды жалғастырамын. Білім беру – жай ғана жұмыс емес, бұл – жүрек қалауымен атқарылатын ұлы міндет. Сондықтан мен әрдайым осы салаға өз үлесімді қоса бермекпін, – деді ол.

Сондай-ақ Қуаныш Қыдыралин соңғы жылдары білім беру саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды: бюджет 31%-ға ұлғайды, «Жайлы мектеп» бағдарламасы сәтті іске асырылуда, 38 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, кабинеттер жаңа техника және заманауи жабдықтармен толықтырылды.

Кадрлық резерв мектебі құрылды, жаңа басшыларды дайындаудың негізі қаланды, цифрлық технологиялар енгізілді, стратегиялық жоспарлау мен деректерді талдау тиімді менеджменттің негізгі құралдарына айналды.

77% мұғалім жоғары санат алды, олардың көпшілігі халықаралық, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Жас мамандарға арналған тәлімгерлік бағдарламасы олардың кәсіби бейімделуіне үлкен көмек болды.

Оқу үлгерімі тұрақты өсуде, гимназиялық және лицей сыныптары дамуда, Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесі жетілдірілуде, дарынды балаларды қолдау жалғасуда. Барлығы инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жаңартылды, қауіпсіздік шаралары күшейтілді: 100% мектеп бейнебақылаумен қамтамасыз етілді, ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, буллингтің алдын алу бағдарламалары енгізілді. 

Қуаныш Қыдыралин осындай маңызды бастамаларды бірге жүзеге асыруға үлес қосқан әріптестеріне, мектеп басшыларына, мұғалімдерге, ата-аналарға және оқушыларға шексіз алғыс білдірді.