Асайын Байханов павлодарлық кәсіпкерлерді қалаларды көгалдандыруға шақырды

Асайын Байханов павлодарлық кәсіпкерлерді қалаларды көгалдандыруға шақырды
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімі өңірдегі көгалдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы аппараттық жиында өткен аптада павлодарлық кәсіпкерлердің өз қаражаттарына ағаш отырғызғанын айтты. Асайын Байханов өңірдің өзге аудандар мен қалалардың кәсіпкерлерін мұндай жұмысқа атсалысуға шақырды. 

– Кәсіпкер өз қаражатына ағаш отырғызу тәжірибесін енгізді. Өзі отырғызып, өзі баптап отыр. Көп болмаса да, бұл – өте игі бастама. Осы тәжірибені басқа аудан-қалаларда да таратып, дәл осындай жұмысты енгізуді ұсынамын, – деді облыс әкімі.

Бастама аясында 50 түп жөке ағашы отырғызылды. Жұмыстар  дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізілді. Кешенді жұмыстар аясында ескірген және апатты жағдайдағы ағаштарды кесу, ұзақ әсер ететін минералды тыңайтқыштар енгізе отырып, тозған топырақты ауыстыру жұмыстары жасалды. Өткен жылы шаһарда шамамен 600 жөке ағашы отырғызылды.

Айта кетейік, қаланың негізгі көшелері бойында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Назарбаев даңғылында 148 жөке ағашы, ал академик Шөкин көшесінде 152 түп ағаш егілді.

Ағымдағы жылы қала көшелерінде 900-ден астам ағашты қайта жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Астана көшесінде, Бектұров көшесінде, сондай-ақ, Қайырбаев көшесі бойындағы шағын саябақтарда  200-ден астам ұсақ жапырақты жөке ағашы отырғызылды. Сонымен қатар, Назарбаев даңғылы бойындағы облыстық тіс емханасынан Ак. Шөкин көшесіне дейінгі аумақта 80 жөке ағашын отырғызу арқылы жасыл желекті қайта жаңарту көзделген.

Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша 2026 жылы Павлодардың жасыл белдеуін қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Шарбақты көпірінің арғы бетінде шамамен 17 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Жоба аясында ауа райына және қалалық жағдайларға барынша төзімді ағаш түрлері, яғни ақ терек, тал, қарағай, мамыргүл, үйеңкі және шаған көшеттері отырғызылады.

Өңірде көгалдандыру мен абаттандыру бағытындағы жұмыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалғасып жатыр. 25 сәуірде Баянауыл ұлттық паркінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Жасыл ел» қозғалысының екі мыңға жуық қатысушысы мен еріктілер республикалық телекөпір аясында мың қарағай көшетін отырғызды.

29 сәуір күні қалада облыс әкімінің, «Алтын белгіге» үміткер 140 түлектің және оқу озаттарының қатысуымен түлектер аллеясы ашылып, қарағай көшеттері егілді. Сонымен қатар облыстың барлық қала-аудандарында «Түлектердің ағаш егуі» акциясы ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, Павлодарда Президент тапсырмасы аясында экопарк бой көтереді. Қазір болашақ саябақтың құжаттары әзірленіп жатыр. Жаңа экопаркте арқанды парк, заманауи спорт алаңқайлары, балық аулау аймақтары, балалар және ойын алаңқайлары, пикник пен кемпинг орындары, сондай-ақ гольф алаңқайы болады деп жоспарлануда.