Павлодарлық дарынды оқушыларға лагерьден кейін Алматыға саяхат сыйға берілді
Осылайша жазғы демалыс жарқын естелікке айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жолдама сыйла» қайырымдылық акциясы аясында Железин ауданының облыстық және республикалық олимпиадалар, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарда топ жарған 10 оқушысы Gorki ISLAND Summer Camp 2026 жазғы лагерінде 10 күн тегін тынықты.
Игі бастама «Geocona Group» ЖШС-нің демеушілік қолдауымен жүзеге асты. Демалыс барысында балалар спорттық сайыстарға қатысып, шығармашылық және танымдық бағдарламаларға белсенді араласты. Олар жаңа достар тауып, жазғы каникулдарын қызықты әрі пайдалы өткізді.
– «Geocona Group» ЖШС-не және оның басшысы Қуат Байтусовқа ауданның дарынды балаларына көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы, олардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді Железин ауданының білім бөлімі.
Жақсылық мұнымен аяқталған жоқ. Лагерь жабылғаннан кейін «Geocona Group» ЖШС-нің басшысы Қуат Байтусов оқушылар үшін Алматы қаласына танымдық сапар ұйымдастырды. Балалар Іле Алатауының көркем табиғатын тамашалап, тау бөктеріне көтерілді. Сондай-ақ Көктөбеде болып, мегаполистің көрікті орындарын аралады. Бұл сапар олардың жадында ұзақ сақталатын ерекше әсерге толы естелікке айналды.