Жасанды интеллект көмегімен павлодарлық оқушылар тың бизнес-жобаларын

Жасанды интеллект көмегімен павлодарлық оқушылар тың бизнес-жобаларын
Фото: Константин Шелков

«PROMPT AI» жазғы лагерінде мектеп оқушылары мен талапкерлер жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, болашақта жүзеге асыруға болатын бизнес-жобаларын әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің өкілдерінің айтуынша, дәл осы оқу орнының базасында өткен «PROMPT AI» жазғы лагерінде қатысушыларға Gamma сервисінің көмегімен бизнес-концепцияларын әзірлеу, Gemini арқылы тиімді сұраныстар (промпттар) құрастыру және Flow платформасында жарнамалық бейнеролик жасау тапсырылды.

Қазылар алқасы тек презентацияларды көрумен шектелген жоқ. Әр команда өз жобасын жан-жақты қорғап, сарапшылардың нақтылаушы сұрақтарына жауап берді. Мамандар қатысушылардың өз идеяларын қаншалықты терең түсінетінін, қаржылық есептерін негіздей алатынын және ықтимал тәуекелдер мен әлсіз тұстарға қатысты сауалдарға жауап беру қабілетін бағалады.

Ең сенімді нәтиже көрсеткен команда «Лапотель» жобасын ұсынды. Бұл – үй жануарларына арналған қонақүй.

– Біз демалысқа немесе іссапарға кеткен кезде иелері үй жануарларын қалдыра алатын қонақүй ашуды ұсындық. Мұнда бірнеше демалыс аймағы, ойын алаңы және медициналық қызмет көрсету қарастырылған. Сондай-ақ, жануарлардың қауіпсіздігі мен күтіміне толық жауап береміз, – деді №28 мектептің оқушысы, команда мүшесі Арина Кильян.

Үй жануарларына арналған қонақүй жобасының авторлары тек тұжырымдаманы ғана емес, сонымен қатар жануар иелерімен жасалатын келісімшарттың үлгісін әзірлеп, қаржылық моделін және жұмыс жүйесін де жан-жақты ойластырған. Олар ғимаратты жалға алу қажеттілігі, орын санының шектеулі болуы, қайырымдылық қызметі және иесі жануарын алып кетпеген жағдайда қандай шаралар қолданылатыны туралы сұрақтарға сенімді жауап берді.

Жоба авторларының жоспарына сәйкес, қонақүй бір мезгілде он үй жануарын қабылдай алады. Мысықтар мен иттер үшін тәуліктік орналастыру құны – сегіз мың теңге, ал ұсақ жануарлар үшін – төрт мың теңге. Команда табыстың бір бөлігін жануарларға көмек көрсетуге және ветеринарлық клиникаларды қолдауға тұрақты түрде бағыттауды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, №8 мектеп-лицейінің оқушысы Богдан Петраков ұсынған Grow Flow жобасы да ерекше қызығушылық тудырды. Ол баламен бірге «өсетін» киім идеясын таныстырды.

Оқушылар алты айдан үш жасқа дейінгі балаларға арналған футболка мен шалбардан тұратын жиынтық ұсынды. Киім арнайы плиссирленген матадан тігіледі. Жоба авторларының айтуынша, бұл материал баланың бойы өскен сайын өлшемін өзгертіп, бірнеше киім жиынтығын алмастыра алады.

– Бұл – микроспутниктер жасауға қолданылатын аэроғарыштық стандарттағы ерекше мата. Осындай жиынтықтың орташа бағасы – 30 мың теңге. Өзіндік құны – 11 мың теңге, ал таза пайдасы – 19 мың теңге. Өндірісті іске қосу үшін шамамен екі миллион теңге бастапқы капитал қажет. Ай сайынғы тұрақты шығындар 500 мың теңгені құрайды. Егер айына кемінде 21 дана өнім сатылса, кәсіпорын шығынсыз жұмыс деңгейіне жетеді. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен бес ай болады. Тіпті айына 25 жиынтық қана сатылатын ең пессимистік сценарийдің өзінде жоба табысты болып қала береді, – деп есептеді жас автор.

Сонымен қатар, «PROMPT AI» лагерінің қатысушылары дербес деректерді бақылау және қорғау жүйесінің жобасын, сондай-ақ салмағын азайтып, аэродинамикалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған жеңіл электромобиль тұжырымдамасын ұсынды.

Курс оқытушысы Нұрбол Ихсанның айтуынша, қатысушыларға бастапқыда тақырыпты өз еркімен таңдау мүмкіндігі берілген. Басты талап – идеяның шынайылығын сақтау және болашақта жүзеге асыруға болатын толыққанды бизнес-жоспар дайындау.

Жобаларды қорғау қорытындысы бойынша «PROMPT AI» жазғы лагерінің барлық қатысушылары курс аяқталғаны туралы сертификаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.