Павлодардағы жаңа мектепте алғашқы қоңырау соғылды
Павлодардағы №47 жалпы орта білім беру мектебінде жаңа оқу жылына арналған алғашқы Білім күні салтанатты жиыны өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 104 бүлдіршін білім ордасының тарихындағы алғашқы бірінші сынып оқушылары атанды. Салтанатты жиын ән мен биге, концерттік нөмірлерге және көтеріңкі көңіл-күйге толы болды. Ұстаздар мен ата-аналар балаларға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, мектептің алғашқы қыркүйегін ерекше атап өтті.
Мектеп директоры Ләйлә Жүсіпованың айтуынша, №47 мектеп 2026 жылдың қаңтарында ашылған. Оның жобалық қуаты 600 оқушыға есептелгенімен, білім ордасына алғашқы қабылдау кезінде 800-ге жуық бала келіп, бүгінде оқушылар саны 900-ден асты.
- Биылғы 1 қыркүйек – осы мектеп үшін алғашқы Білім күні, сондықтан бұл біз үшін тарихи сәт. Бүгін бірінші сыныпқа қабылданған 104 оқушы мектебіміздің тарихындағы алғашқы бүлдіршіндер болып отыр. Мектеп ашылғанына көп уақыт өтпесе де, ұжымымыздың көрсеткіштері жақсы, әрі қарай да сапалы жұмыс істеуге мақсатымыз айқын, – деді Ләйлә Жүсіпова.

Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Бастауыш сыныптардың бір бөлігі бір ауысымда оқитындықтан, түстен кейін оқушылар үшін қосымша білім беру мен үйірмелер ұйымдастырылады. Білім ордасында хореография, би, вокал және қуыршақ театры сияқты шығармашылық бағыттар бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар оқушылардың кәсіби бағдарын, логикалық ойлауын, кітап оқуға қызығушылығын және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздейтін бес жоба жүзеге асырылуда.
- Бүгінде мектебімізде 900-ден астам оқушы білім алады, оқу екі ауысымда ұйымдастырылған. Оқушыларға қосымша білім алуына мүмкіндік беретін үйірмелермен қатар, түрлі жобаларымыз бар, олардың әрқайсысы баланың жан-жақты дамуына бағытталған. Ұстаздар құрамының 70 пайыздан астамын зерттеуші, сарапшы және шебер педагогтер құрайды, – деді мектеп директоры.

Жаңа оқу жылында мектеп үшін тағы бір маңызды жаңалық бар: оның екі оқушысы Алматы баспасынан 3-сыныпқа арналған математика оқулығын жазып шығаруға атсалысқан.
Бірінші сынып оқушыларының ата-аналары да бұл күнді ерекше толқыныспен қарсы алды. Ертөре Сабиғановтың әкесі Ерболат Сабиғанов ата-аналар атынан ұстаздарға алғысын білдірді.
- Бүгін баршамыз үшін өте ерекше әрі толқынысты күн, өйткені балаларымыз алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Алғашқы ұстаздары болатын мұғалімдерге балаларымызға білім мен тәрбие беретін үлкен жауапкершіліктері үшін алғыс айтамыз. Бүлдіршіндерімізге ашық жол, жақсы баға және жаңа білім әлемінде жарқын жетістіктер тілейміз, – деді Ерболат Сабиғанов.

№47 мектептің 1 «Б» сыныбына биыл Айғаным Ерғали барды. Оны мектепке дайындауға әжесі Әмина Бексейітова көмектесіп, немересімен математика мен қазақ тілін бірге оқыған. Сынып жетекшілігі тәжірибелі педагог Мөлдір Хасенова.
- Мектеп бізге өте ұнады, жақсы мектеп екеніне қуаныштымыз. Әжем менімен математика мен қазақ тілін оқып, мектепке дайындалуыма көмектесті. Жаңа мектебімде жақсы оқып, достар тауып, көп нәрсе үйренемін деп үміттенемін, – деді Айғаным.
Биыл №47 мектепте үш 11-сынып та жасақталған. Жаңа білім ордасы алдағы оқу жылында оқушылардың сапалы білім алуына және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға басымдық бермек.
Естеріңізге сала кетейік, Білім күні қарсаңында Екібастұз ауылдық аймағындағы Атығай ауылында және Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылында жаңа мектептер ашылды.