Павлодарлық IT мамандары Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде дайындалады
Ақпараттық технологиялар колледжі IT Park Uzbekistan және Astrum IT-академиясымен серіктес болды. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Бучон қаласы университетінің Ташкенттегі филиалымен ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарлық делегациясы Ташкентте болып қайтты. Ертіс өңірінде IT-ортаны қалыптастыруда барлық озық тәжірібені енгізу үшін көршілес елдің IT-парктер құру және тұтастай алғанда цифрлық саланы дамытуға қосқан үлестерін зерттеді. Дәл осы мақсатты Павлодар облысының басшылығы мен облыстық білім беру басқармасы делегацияның алдына қойған болатын.
Делегация құрамында ақпараттық технологиялар колледжінің басшысы Серік Джартыбаев, білім беру басқармасының Павлодар облыстық ақпараттық технологиялар орталығының басшысы Елнар Утюбаев, сондай-ақ Ақсу қаласындағы Абай атындағы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Абай Джакипбаев болды. Сапар барысында павлодарлықтарға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігі және елшіліктің атташесі Кенжигариев Дамир Сабыржанұлы жеке қолдау көрсетті.
Сапар бағдарламасында үш негізгі тармақ болды. Біріншісі, ташкенттік IT Park Uzbekistan. Мұнда павлодарлықтар ақпараттық технологиялар бағыты бойынша білім беру және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы басшылықпен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ ақпараттық технологиялар колледжі мен IT-парк арасында тиісті меморандумға қол қойылды.
Сапар бағдарламасының тағы бір маңызды орны –Ташкент ақпараттық технологиялар техникумы болды. Ол қазір Bucheon University-мен (Оңтүстік Корея) бірлескен білім беру жобасын жүзеге асыруда. Шын мәнінде, бұл техникум Оңтүстік Корея университетінің Ташкенттегі филиалына айналды. Алғашқы екі жыл ішінде колледж студенттері мемлекеттік үлгідегі диплом алып, кейін Оңтүстік Кореяда тиісті бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыра алады. Ол үшін Өзбекістанға Оңтүстік Кореядан оқытушылар келіп оқу бағдарламалары толығымен өзгертілді. Жақсартулар ғимараттарды жаңғырту деңгейінде жүріп жатыр. Сонымен қатар Ташкент техникумына Самсунг академиясы да келді (корпорация мұнда өзі үшін кадрлар дайындауды көздейді).
- Бұл тәжірибе біз үшін өте қызықты. Ташкент техникумының басшысы Дмитрий Эдуардович Ли Ташкенттегі Bucheon University IT-кампусының проректоры болды, мамыр айында үш елдің ынтымақтастық форматын түпкілікті бекіту үшін әріптестеріміздің делегациясын күтеміз, - деді Серік Джартыбаев. - Жалпы, Өзбекістанмен білім беру жүйелеріміз ұқсас және еуропалық жүйе қабылданған, бірақ бізді Оңтүстік Кореяның әлемдік көшбасшы ретіндегі бағдарламаларына сай келетін оқу бағдарламаларын сәйкестендіру процесі қызықтырады. Біз де колледжіміздің Bucheon University-нің серіктесі болуына мүдделіміз.
Сапар бағдарламасының үшінші орны Ташкенттегі Astrum IT-академиясы. Мұнда мектеп түлектері мен жастарды оқытуда қызықты тәсіл қолданылады. Адамның қанша уақыт, немен айналысатынын, қандай ілгерілеушілікке жеткенін және т.б. жазып, оған бағыт-бағдар беріп, серік етіп жүретін арнайы бағдарламаның көмегімен жыл бойы өздігінен оқуға баса назар аударылады. Оқыту негізінен ақылы, бірақ мемлекет субсидиялайтын орындар да бар. Айтпақшы, академия мен Ташкент IT-паркі тікелей серіктестер болып табылады және Astrum түлектері көбінесе IT-парк базасында жұмыс істейтін компанияларға жұмысқа орналасады.
Мұнда да Павлодар колледжі мен Astrum IT Academy арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында павлодарлық және ташкенттік оқытушылар мен студенттердің алмасып тағылымдамадан өту мүмкіндігі талқылануда.
Сапардың нәтижесі тек меморандумдар мен өзара алмасу жоспарлары ғана емес, сонымен қатар павлодарлық студенттерді, оқытушыларды және IT секторының өкілдерін халықаралық қауымдастыққа тарту болашағын атап өткен жөн.