Павлодар облысына бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемі артты

Отынның литрі 244 теңгені құрады, бұл нарық құнынан 51 теңгеге төмен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, 1 тоқсандағы бюджеттің игерілуі, сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы және абаттандыру мәселелері қаралды.
Жиналыста облыс әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзіне сәйкес бірқатар міндеттерді айқындап берді.
Сондай-ақ, 1 тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджетті игеру болжамы қаралды. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша өңірде базалық макро көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105,9% деңгейінде тіркелген.
Өңдеу секторында 6%-ға және электрмен жабдықтау секторында, тау-кен өндірісі саласында - 97,3%-ға өсім байқалады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 13 миллиард теңгені құрады, бұл 2024 жылғы кезеңнен 1,3 есеге көп. Ішкі сауда 25%-ға, көлік қызметтері 19,7%-ға өсті.
78,5 миллиард теңгеге жоспарланған облыс бюджетінің шығындары 78,1 миллиард теңгеге игеріліп, 99,5% құрады.
Одан кейін жиналыста көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланды. Болжамды егіс алқабы биыл 1 687,3 мың га құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 123,0 мың га артық. Жаңа егінге 164,5 мың тонна тұқым сақталған. Минералды тыңайтқыштардың көлемі - 122,3 мың тонна. Сондай-ақ, 27,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың тоннаға артық. Операторлық қызметтерді ескере отырып, 1 тонна отынның құны тоннасына 291 мың теңгені немесе литріне 244 теңгені құрады, бұл нарық құнынан 51 теңгеге төмен.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға 4,1 миллиард теңге субсидия бөлінді. «Бәйтерек» ҰБХ АҚ құрылымдық бөлімшелерімен несиелеуге 48,6 миллиард теңге қарастырылған.
Өңір басшысы егіс жұмыстары басталғанға дейін жанар-жағармайды уақтылы субсидиялауды және жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Одан кейін жиналыста елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту мәселелері талқыланды. Биыл облыс қалаларында 18 саябақ пен сквер жабдықталады, оның ішінде Павлодар қаласының Усолка шағын ауданындағы эко-саябақтың құрылысы, Екібастұз қаласының Шахтер саябағын абаттандыру және облыс орталығының Лермонтов көшесін жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, өңірдің үш қаласында 116 аула абаттандырылады. Сондай-ақ, Екібастұзда 28 білім беру нысанының аумағына асфальт төселеді, ал облыстың 20 ауылында бонустық қор есебінен абаттандыру бойынша 31 жоба іске асырылады.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» акциясының күнделікті нормаға айналуы керек екенін және тазалық пен тәртіпке күн сайын назар аудару қажеттігін атап өтті.
Асайын Байханов қалалар мен аудандардың әкімдеріне «Үздік ауыл, шағын аудан, аула» конкурсын өткізуді, «Таза Қазақстан» telegrambot бірыңғай өтінім беру платформасына түсетін өтініштерге жедел ден қоюды, облыстың қалалары мен аудандарын абаттандыруды бақылауда ұстауды тапсырды.