Павлодарда алғаш рет «Ресурсты ана. EXPO» әлеуметтік-кәсіпкерлік форумы өтеді
Ол – нәзік жандылардың әлеуметтік жобасын дамытуға жол ашады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға бағытталған жаңа жоба іске қосылады. Жоба аясында 26 қыркүйекте Павлодар қаласында «Ресурсная мама» қорының ұйымдастыруымен «Ресурсты ана. EXPO» әлеуметтік-кәсіпкерлік ExpoForum-ы өтеді.
Мұндағы басты мақсаты – әйелдерге өз идеясын, кәсібін, өнімін, қызметін немесе әлеуметтік жобасын таныстырып, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік беру.
Форумға Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан:
- декреттегі және көпбалалы аналар;
- жалғызбасты аналар;
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар;
- өз кәсібін дамытып жүрген әйелдер;
- кәсіп бастағысы келетін және жаңа мүмкіндіктер іздейтін әйелдер шақырылады.
– ExpoForum аясында әйелдер өз өнімдері мен жобаларын таныстырып, жаңа клиенттер мен серіктестер таба алады. Сонымен қатар, қатысушылар іскерлік байланыстар орнатып, сарапшылардан кеңес алып, өз жобаларын дамыту мен кеңейту жолдарын талқылай алады. Шара «Идеядан – бизнеске. Алғашқы қадамнан – дамуға» деген ұранмен өтеді, - деді ұйымдастырушылар.
Бұдан бөлек, жоба авторлары өз идеяларын болашақ серіктестер мен инвесторларға таныстыруға мүмкіндік алады.
Форумға қатысу үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: +7 775 620 7078, +7 775 655 9837. Instagram: @resource_mama_kz
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар саны шектеулі. Форум өз идеясын жүзеге асырып, кәсібін дамытуға ұмтылған әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналмақ.