Павлодар облысында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген жастар марапатталды
Оларға «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығы табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марапаттау рәсімі Павлодар облысы әкімінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы аясында өтті.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жастардың өңір дамуына қосып жүрген елеулі үлесін атап өтіп, олардың жетістіктері үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
– Шын мәнінде, Ертіс-Баян өңірі дарынды жастарға, дарынды тұлғаларға бай өлке. Қай саланы алсақ та, оның іргетасын қалаған азаматтардың арасында осы өңірде кіндік қаны тамған, осында өмір сүрген немесе шығармашылық жолын жалғастырған тұлғалар кездеседі. Бұқар жырау мен Жаяу Мұсадан бастап, қазақ даласына заманауи театр әкелген Иса Байзақов сияқты жерлестерімізді тізе берсек жеткілікті. Бұл қуантады. Екінші жағынан, бізге үлкен жауапкершілік пен аманат жүктейді, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі әрбір жетістіктің артында еңбек, табандылық пен түрлі қиындықтарды еңсеру жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әр адам тек өз өміріне ғана емес, қоғамның дамуына да жауапты.
Биылғы сыйлық бірнеше номинация бойынша табысталды. Олардың қатарында волонтерлер, қоғам белсенділері, журналистер, өндіріс қызметкерлері, медицина мамандары, спортшылар, ұстаздар мен мәдениет өкілдері бар.
«Волонтерлік» номинациясында қайырымдылық акциялары мен жобаларын ұйымдастырып жүрген Абай Жансая және Павлодар ауданының «Добрячки» волонтерлік жасағының негізін қалаушы әрі жетекшісі Ольга Киселева марапатталды.
«Қоғамдық қызметте» «Жебе» садақ ату орталығының негізін қалаушы Дәурен Жүнісхан мен «Екібастұз ГРЭС-2» жастар активінің төрайымы Самал Мұхамеджанова жеңімпаз атанды.
«Журналистика» номинациясында «Ертіс» облыстық телеарнасының журналисі әрі редакторы Байтұрсын Жұмабай және С.Торайғыров атындағы мектептің оқушысы, «Syrmedia.kz» интернет-басылымының шығарушы редакторы Жансейіт Қабылтаев марапатталды.
«Өндіріс қызметкері» аталымында «Қазақстан алюминийі» АҚ машинисі, «Еңбек озаты» медалінің иегері Мадина Марденова мен Павлодар мұнай-химия зауытының компрессорлық қондырғылар машинисі Максим Быченко үздік деп танылды. Максим Быченконың есімі Қазақстан Республикасының «Еңбек озаттарының алтын кітабына» енген.
«Ерлігі үшін» номинациясында Ертіс өзеніне батып бара жатқан үш баланы құтқарған Дамир Аманжолов және су тасқыны мен ірі өрттерді жою кезінде 15 адамды құтқарып, Павлодардағы өрт кезінде тағы бір адамды өз денесімен қорғаған Ақжол Сағынбай марапатталды.
«Цифрландыру және технологиялар» номинациясында мұғалімдердің жұмысын автоматтандыруға арналған AQYL AL білім беру платформасын әзірлеген Қазбек Қартабаев пен робототехника бойынша хакатондардың жеңімпазы, IT стартаптарын әзірлеуші Азамат Серік марапатталды.
«Медицина» номинациясында Павлодар облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Жандос Мелдехан мен облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының аға фельдшері Алмат Шақанов жеңімпаз атанды.
«Спорт» номинациясында Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернаттың оқушысы, Қазақстан ұлттық бокс құрамасының мүшесі, Азия және Қазақстан чемпионы Нұрислам Ташмағанбет марапатталды.
«Білім» номинациясында Гарвард университетімен бірлескен ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген жас полиглот Айханым Окасова мен Торайғыров университетінің «Электроэнергетика» кафедрасының профессоры, ондаған патенттің авторы Александр Барукин үздік деп танылды.
«Мәдениет» номинациясында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, музыкалық колледждің студенті Ирада Смогулова мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның солисі, вокалдық байқаулардың жеңімпазы Әліжан Қазбеков марапатталды.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақылар табысталды.
Бұл ретте, Асайын Байханов Павлодар облысының ел экономикасындағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде Қазақстандағы электр энергиясының 42 пайызы, көмірдің 60 пайызы, ферроқорытпаның 64 пайызы, алюминийдің 100 пайызы және жанармайдың 33 пайызы өндіріледі. Бұдан бөлек, елде өсетін әрбір үшінші картоп, әрбір екінші сәбіз және әрбір үшінші сұйық май өнімі Павлодар облысының үлесіне тиесілі.