Павлодарда «Мейірімділік және денсаулық» қорына 35 жыл толды
Достық үйінде қордың мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шара барысында облыстық маслихат мүшесі Асылбек Туғанбай мен облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов қоғамдық қордың мүшелерін марапаттады.
– Павлодар облысы бойынша Халықаралық «Мейірімділік және денсаулық» қоғамдық қоры 1988 жылдан бері жұмыс істеп келеді, «Кеңестік қайырымдылық» қорының ізбасары болып табылады. Өткен ғасырда құрылған қордың алғашқы президенті академик, медицина ғылымдарының докторы Федоров Святослав, орынбасары медицина ғылымдарының докторы Вадим Меньшиков болған, – дейді қордың төрағасы Үміт Даржұманова.
Аталмыш қор «Апталар, онкүндік айлықтар», «Қайырымдылықтың 100 күні», «Салауатты қоғамға қадам» сияқты көптеген акциялар ұйымдастырып, қатерлі дертке шалдыққан тұрғындарға, егде жастағы адамдарға, тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалалы аналарға қамқорлық танытып, көмектеседі.
Айта кету керек, қордың үлкен жетістіктерінің бірі – Семей полигонын жабу мәселесі. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысымен бірлесе атқарған еңбектің нәтижесінде Семей полигоны жабылды.
Бүгінде қозғалыс өз жұмысын жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта да адамдарға мейірімділік танытып, мұқтаж жандарға көмек қолұшын созып, қайырымдылық деген ұлы істі жалғастыра бермек.