Павлодар облысының бір ауылы таза ауызсумен қамтамасыз етіледі

Павлодар облысының бір ауылы таза ауызсумен қамтамасыз етіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба Аққулы ауылында үш жыл бұрын басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құрылыс жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталғанымен, бастапқы жоба өз нәтижесін бермеді. Өткен жылдың қыркүйегінде оны қайта қарап, тиісті түзетулер енгізу туралы шешім қабылданды. Соның негізінде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауыл халқын тәулік бойы сапалы ауызсумен қамту ісі жанданды.

Қазіргі таңда су жүйесін жаңарту жұмыстарының тоқсан пайызы аяқталған. Тереңдігі 160 метр болатын төрт ұңғыма қазылып, оның екеуі тұрақты жұмыс істеп тұр, қалған екеуі резерв ретінде қарастырылған. Әр ұңғыма секундына бес литр су өндіре алады.

Аудан әкімі Руслан Мұқанов нысандағы жұмыстарды өз бақылауына алған. Оның айтуынша, бірінші көтеру станциясында абаттандыру жүргізіліп, екінші станцияға сүзгіштер мен заманауи тазарту құралдары орнатылуда.

Айта кетейік, жоба мердігері «Логотек» ЖШС мамандарының айтуынша, құрылыс-монтаждау кезеңі аяқталған соң су жүйесі толық іске қосылады. Осылайша, жақын уақытта  ауыл тұрғындары үздіксіз таза ауызсуға қол жеткізеді. .