Павлодарда электр энергиясына қатысты тұрғындардың қандай шағымдары бар?
Электр энергиясының үзіліп берілуіне қатысты шағымдар ай сайын түседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері Павлодар облысында шамамен 900 апатты ажырату болған.
«Павлодар электр тарату компаниясы» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Алексей Толстыхтың айтуынша, электрмен жабдықтаудың тұрақтылығына түрлі факторлар әсер етеді.
– Оның ішінде ауа райы жағдайлары бар. Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде кабель желілері жиі зақымдалады. Бұл да электр энергиясының үзілуіне әкеледі. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары кезінде де апатты жағдайлар туындауы мүмкін, – дейді Алексей Толстых.
Кернеудің ауытқуы тұрмыстық техниканың істен шығуына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайларға тап болған тұрғындар компанияға да жүгінеді.
– Әрбір өтінішті жеке қарастырамыз. Орта есеппен айына осындай бір-екі өтініш түседі. Кейбір жағдайларда нөлдік сымның күйіп кетуі себеп болады. Бұл газдандырудан кейін газбен жабдықтау болмаған кезде тұрғындар электр құрылғыларын пайдалануды жалғастыратын үйлерде орын алады. Соның салдарынан желілерге салмақ түседі, ал ішкі желілерді қайта жаңарту жұмыстарын ешкім жүргізбеген. Біз жыл сайын тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші компания өкілдеріне желілерді жаңғырту бойынша ұсыныстар жолдаймыз. Қажет болған жағдайда бұл жұмыстарды жеке келісімшарт негізінде орындай аламыз, – дейді Алексей Толстых.
Компания өкілінің айтуынша, мұндай даулар сотқа дейін жетпеген. Барлық өтінішті сотқа дейінгі тәртіппен реттеу мүмкін болған. Жекелеген жағдайларда мамандар зақымданған тұрмыстық техниканы қалпына келтіруге де көмектескен.