Елордалық суретшінің «Дәуір белесі» көрмесі – Павлодарда
Көрмеге автордың линогравюра, офорт, сондай-ақ гратаж техникасымен орындалған жұмыстары қойылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағы мен Еуразиялық суретші – ұстаздар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, көрнекті суретші-график және мүсінші Манатбек Аманбаевтың «Дәуір белесі: Тәуелсіздікке 35 жыл» атты жеке көрмесі облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде ашылады.
– Бұл ауқымды көрме – автордың көпжылдық шығармашылық ізденісі мен сан қырлы талантының айқын көрінісі. Экспозицияда автордың линогравюра, офорт, сондай-ақ гратаж техникасымен орындалған жұмыстары көпшілік назарына ұсынылады, – делінген хабарламада.
Манатбек Сағандықұлы – ұлағатты ұстаз, қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде жас буынға дәріс беріп, «Станокты графика» мамандығының негізін қалаған білікті маман. Оның шығармашылық мұрасы еліміздің мәдени шежіресінде ерекше орын алады. Суретшінің «Дала әуені» және «Дала Атлантидасы» сериялары, Әнуар Әлімжановтың «Хабаршы» романына жасаған иллюстрациялары, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Аманат» көрмесі жұртшылықтың жоғары бағасын алған.
Автор халықаралық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты: Румыниядағы халықаралық карикатура байқауының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» байқауының жүлдегері, Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған байқаудың Гран-при иегері. Сондай-ақ «UMAI-2023» премиясының «Үздік графикалық суретшісі» номинациясы бойынша дипломанты және 2025 жылғы беделді «Best Art Awards» халықаралық байқауының жүлдегері атанған. Суретшінің туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында, ҚР Президентінің резиденциясында және шетелдік музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
Айта кетелік, көрменің ашылуы 22 қазан күні сағат 16:00-де облыстық Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы көркемсурет музейінде өтеді.