Павлодар облысында өнеркәсіптік қауіпсіздік жаңа деңгейге көтерілмек
2025 жылы ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылдан бастап бұл нормативтік актіге сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік дербес тәртіппен реттеледі.
- Енді өнеркәсіптік қауіпсіздік Кәсіпкерлік кодекстің аясынан шығарылып, толықтай салалық заңмен реттеледі. Жаңа тетік тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделген: жоғары тәуекел тобына жататын қауіпті өндірістік объектілер жыл сайын тексеріледі, ал өзге субъектілер үш жылда бір реттен жиі емес бақылаудан өтеді, - деді Павлодар облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков.
Маңызды өзгерістердің бірі – тексеру туралы алдын ала хабарлау мерзімінің қысқартылуы. Бұрын кәсіпкерлерге 30 күн бұрын ескертілсе, енді бір жұмыс күні бұрын хабарланады. Бұл өндірістік қауіпсіздіктің нақты жағдайын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоспарлы тексерулер қорытындысы бойынша құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту құқығы берілді.
Павлодар облысында ТЖД бақылауында 178 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, олардың құрамында 12 мыңнан астам қауіпті өндірістік объект тіркелген. 2025 жылы 74 тексеру жүргізіліп, 948 объект қамтылды. Нәтижесінде 1676 заңбұзушылық анықталып, 32 қауіпті объектінің жұмысы тоқтатылды. Бұл көрсеткіштер 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.
Жаңа тетік өндірістік бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.