Павлодарлық қоғам өкілдері: V Ұлттық құрылтай – жаңа саяси дәуірге қадам
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері құрылтайды тарихи оқиға деп атады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, парламенттің рөлін күшейтуге және артық бюрократиялық шешімдерді қысқартуға бағытталған ауқымды реформаларға бастау берді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Евгений Мироновтың пікірінше, V Ұлттық құрылтай Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды белеске айналды.
– Негізгі қадам – 145 депутаттан тұратын бірпалаталы парламент, Құрылтай құру. Оның құрылымы ықшам әрі тиімді болмақ: үш вице-спикер және сегіз комитет. Мұндай формат заң шығару жұмысының сапасын арттыруға, бюрократияны азайтуға және саяси институттардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, – деді Евгений Миронов.
Ерекше мәнге ие бастама – Халық кеңесін құру. Бұл жаңа кеңесші алаң мемлекет, өңірлер және азаматтық қоғам арасындағы диалогтың маңызды арнасына айналады.
– Президент салық реформасы тақырыбын да қозғап, салық саясаты «қасиетті жазба» емес, дамудың икемді құралы екенін атап өтті. Барлық өзгерістер бизнес пен экономиканың мүддесіне, елдің тұрақты өсуіне сай, уақыттың нақты жағдайы мен сын-қатерлерін ескере отырып қабылдануы тиіс, – деп пікірін білдірді қоғам өкілі.
Евгений Мироновтың айтуынша, өңір үшін маңызды жаңалық – Екібастұз энергетикалық ресурстары негізінде деректерді өңдеу орталығын құру туралы мәлімдеме. Бұл жоба IT саласының сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, цифрлық экономиканың өсу нүктесіне айналады және жаһандық цифрландыру жағдайында өңірдің рөлін күшейтеді.
– Президент көмір энергетикасының қуатын арттыру қажеттігін де атап өтті. Қосымша Екібастұз 2-МАЭС-те энергоблоктар салу және жаңа 3-МАЭС тұрғызу керек. АЭС салынғанша күтуге уақытымыз жоқ, себебі ол 10–15 жылға созылады. Ал өңір үшін бұл қосымша ресурстар, жаңа кәсіпорындар салу мүмкіндігі және жаңа жұмыс орындарының ашылуы, – деп түйіндеді Евгений Миронов.
V Ұлттық құрылтай Қазақстанның жаңаруын және заманауи мемлекеттік құрылысқа сенімді қадам басуын айқындайтын символға айналды. Реформалар өңірлер мен бүкіл елдің дамуына бағытталған нақты шаралармен ұштасып отыр.