Павлодар облысында 18 жасқа дейінгі әр баланың шотына қашан ақша аудара бастайды?
Қаражатты бала тек баспана мен білім алу мақсатында ғана пайдалана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «БЖЗҚ» АҚ ПОФ директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаева мәлім етті.
– Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске асырылады. Оған сәйкес Ұлттық қор есебінен туылған сәттен бастап 18 жасқа толған баланың арнайы шотына төлемдер түседі. Алдын ала болжам бойынша, жылына бір рет 100-200 долларға дейін аударылады, – деді ол.
Бала төлемдерді алу үшін міндетті түрде Қазақстанның азаматы болуы керек. Ақша Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-нан есептеледі.
– Балаларға есепті жылға дейінгі жылдары есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептеледі,– деді Нұржамал Дүйсембаева.
Оның сөзінше, 18 жасқа толғаннан кейін балалар жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеу үшін пайдалану құқығын алады.
– Бала 18 жасқа толғанда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында нысаналы жинақтау шоты ашылады. Ондағы қаражатты «Қазпошта» АҚ және екінші деңгейдегі банктер ретіндегі уәкілетті операторлар арқылы тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады, – деп атап өтті спикер.
Жинақтарды пайдалануға өтініш, сондай-ақ, олардың мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар уәкілетті операторға беріледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алушылардың уәкілетті операторда ашылған банктік шоттарына нысаналы жинақтарды төлеуді АҚШ долларымен жүзеге асыратын болады.
– Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткендер Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан айырылады. Алушы 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемдер алуға өтініш бермеген жағдайда талап етілмеген нысаналы жинақтау сомасы ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады, –деп ескертеді Нұржамал Дүйсембаева.
Баланың бағдарламаға қатысушы болып табылатындығы туралы ақпаратты заңды өкілдер egov.kz порталындағы өзінің жеке кабинетінен ала алады. Бұдан басқа, бағдарлама бойынша үнемі жасалып отыратын есептер БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтында орналастырылады.