Павлодарлықтар сілекей безіне ота жасау үшін шетелге шықпайтын болды

Павлодарлықтар сілекей безіне ота жасау үшін шетелге шықпайтын болды
Фото: Константин Шелков

Бұған дейін тұрғындар ота жасату үшін Ресейге баруға мәжбүр болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Риза Қабышева қыста тұмаумен ауырғаннан кейін сол жақ құлағының астында ісік түрінде қабыну пайда болған. 55 жастағы қала тұрғыны бірден Павлодар қалалық №1 ауруханасына барып, порталға кезекке тұрған.

– Алғашында ісік шамалы болды, кейін өсіп, ауыра бастады. Мүлдем ұйықтай алмадым.  Содан кейін ауруханаға бару керек екенін түсіндім, – дейді Риза Қабышева. – 29 шілдеде ауруханаға түсіп, келесі күні маған ота жасалды. Барлығы өте тез өтті. Қазір жағдайым жақсы, сауығып бара жатырмын.

Ол созылмалы сиаладенитке шалдыққан. Киста көлемі төрт сантиметрге жеткенін ескере отырып, ота ауыз қуысының ішінен және сыртынан жасалды.

Жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ринат Түкиновтың айтуынша, бұл – өте жиі кездесетін ауру.Бір жылдың ішінде мұндай алты-жеті ота жасалған.

– Бұл – көбінесе туа біткен ауру, жарақат немесе қабыну салдарынан пайда болады. Егер киста уақытында жойылмаса, іріңдеп, жақын орналасқан мүшелерге әсер етуі мүмкін, – деді дәрігер.

Ақ желеңді бұрын мұндай хирургиялық араласу үшінпавлодарлықтар Астана, Қарағанды, Омбы, Новосібір қалаларына баруға мәжбүр болғанын атап өтті. Павлодар облысында сілекей безіне ота жасау Ринат Тукинов Белоруссияға оқуға барғаннан кейін ғана пайда болған.

Естеріңізге сала кетейік, №1 Павлодар қалалық ауруханасында міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық оталар тегін жүргізіледі. Ал негізі кистаны алып тастаудың құны 450 мыңға дейін жетеді.